Денсаулық үшін зор жауапкершілікпен

            Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен» алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. Акцияны бүгін Қызылордалық кәсіподақтар Сырдария аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері Евниева Гүлжан Анесбекқызының індетпен күрес кезеңіндегі еңбегі туралы жазбамен жалғастырады. Евниева Гүлжан Анесбекқызы – Қызылорда облысы Сырдария аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері болып қызмет істейді. Өзі сүйген мамандығымен жұмыс жасап жүргеніне жеті жыл болған Гүлжан Анесбекқызы коронавирус инфекциясымен күрестің алғашқы күндерінен-ақ зілі ауыр кеселдің таралмауы үшін қажетті шаралардың маңыздылығын жіті түсінген.

«Наурыз айынан бастап инфекцияның алдын алу және емдеу мақсатында бөлімшемізбен жұмыла жұмыс атқарудамыз. Дәрігер – ең жауапты мамандықтардың бірі. Халық денсаулығы үшін зор жауапкершілікпен еңбек етіп, мамандығыма деген махабатымды білдіргім келеді» дейді жас маман Гүлжан Анесбекқызы.

Облыстағы Сырдария ауданының екі мыңнан аса тұрғыны бар Амангелді ауылында сәуір айының жиырмасына қарай 25 адамнан коронавирустық инфекция анықталды. Олармен жақын қарым- қатынаста болған, жанама қарым қатынаста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, тиісті жұмыстар жүргізілді.

«Жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері болып жұмыс істегеніме 2 жыл болды, аудандағы елді мекенде коронавирус инфекциясының ошағы пайда болып, бірнеше жағдайлар бірден тіркелді. Бәріміз тынбай жұмыс жасадық, еңбегіміз еленбей қалған жоқ, мемлекет медицина мамандарына үстеме ақы берді. Біз де алдық, оны отбасымызға, жақсылығымызға жұмсадық. Ең маңыздысы жұмысымыздың нәтиже бергені, науқастардың жазылып шығуы. Біз сол үшін аянбай еңбек ете береміз» дейді дәрігер Г.Евниева.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Гүлжан Евниева жұмыс жасайтын Сырдария ауданындағы тіркелген 26 науқас та емдерін алып, індетті жеңіп шықты. Ел үмітін ақтаған деген осы болар, көп рахмет, ақ халатты абзал жан!

#елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз