«Бақытты жандардың бірімін»​

Олар қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар өз бастарын қатерге тігіп, нартәуекелмен шешім қабылдайды. Олар бейбіт күнде «көрінбейтін жаумен»​ алысып, қабылдаған антына берік жандар. Ел үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлерге​ арнап, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Facebook әлеуметтік желісінде мамырдың 1-нен «Есімің есте сақталған – ақ халатты абзал жан» атты арнайы акциясын бастады. Бүгін акцияны жалғастырған Қызылордалық кәсіподақтардың жазбасы сырбойылық тәжірибелі инфектолог дәрігер Фазылов Мұхтар Анарқұлұлының жұмысына деген сүйіспеншілігінен бір үзік сыр шертеді. ​

«Осы өмірде қателесуге болмайтын екі нәрсенің бірі – мамандық таңдау. Әр адамның өзінің өмірдегі қызығушылығына, жалпы қабілетіне, бейімделушілігіне сүйеніп мамандығын таңдауы қажет. Менің жолым болған. Әр науқас рахметін айтып, ыстық ықыластарын білдіргенде жұмысыма деген құлшынысым артады, бақытты жандардың бірімін» дейді Мұхтар Анарқұлұлы.

Фазылов Мұхтар Анарқұлұлы – Қызылорда облысындағы Қармақшы аудандық ауруханасында жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет жасайды. Отыз жылдық тәжірибесі бар ​ инфектолог дәрігер коронавирус​ індетімен күрестің шайқас алаңындағы қажырлы майдангер, оның білімі мен біліктілігі жас мамандарға әрдайым үлгі.

«Бекітілген сақтық шараларын бұлжытпай орындауға шақырамын азаматтарды, тазалыққа мұқият болайық. Індет өте қауіпті, ​ дегенмен, күннен күнге жеңістеріміз де қуантып келеді, сіз болып, біз болып бұл індетті бірге жеңіп шығамыз» -дейді білікті маман.

Ел басына іс түсіп, көрінбейтін қауіппен қасқая күресіп жүрген дәрігерлер​ – қазіргі күннің қаһармандары. Мамандығын, жұмысын шын көңілімен сүйе,олар үлкен жауапкершілікпен күні-түні еңбек етуде. Денсаулығы сыр берген қамкөңіл адамға мейіріммен айтылған бір ауыз сөз дәріден бөлек дәрумен екені хақ. Бүгінгі әңгіменің арқауы болған ақ халатты абзал жан ​ Мұхтар Анарқұлұлы әріптестері айтуынша емделушілеріне мейірімді сөзін аямайтын, талабы мен қамқорлығы астаса бірге жүретін ерекше дәрігерлердің бірі.

​ Ұжымында құрметке бөленген абзал жанға ел саулығы жолындағы еңбегі үшін кәсіподақтар атынан зор ықыласпен алғыс айтамыз!

​ #елүмітінақтаған #ақхалаттыабзалжан #ҚРКФ #Bizbirgemiz #БізБіргеміз