АХҚЗ зауытындағы жазатайым оқиғаға байланысты арнайы комиссия жұмысын бастады

Үкімет тапсырмасымен «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ болған жазатайым оқиғаның себептерін арнайы тергеп-тексеруге байланысты комиссия құрылды. Бүгін комиссия құрамы 4 топқа бөлініп, алғашы күнгі жұмысын бастап кетті.

Комиссия құрамында Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев те бар. Бұл оқиға мамырдың 28-нде болған. Зауыттың 4-цехындағы 50 текше метрлік бөшкені тазалау кезінде төрт адам қаза тауып, екі адамды күйік шалды. Олар облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Қаза тапқандар мен күйік алғандарға 500 мың тенгеден, және сақтандыру қорынан 2 млн.теңгеден материалдық көмек көрсетілді.

Марқұмдардың жетім қалған балаларына да жәрдемақы тағайындалды. Оқиға орынында арнайы комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. «Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев осы комиссия құрамында қайғылы жағдайдың мән-жайы мен шығу себебін анықтауға атсалысуда.

Комиссия жұмысының барысын ұдайы хабардар етіп отырамыз.