Мамандығым – мақтанышым

Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы екені бәрімізге мәлім. Қалаған мамандығының қиындығына қарамай, өз ісінің үздігі атанған кәсіподақ мүшесі, жоғары санаттағы дәрігер – Таджибаева Балжан Ермекқызы.

Балжан Ермекқызы С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 2001-2008 ж.ж. аралығында балалар дәрігері (педиатор) саласы бойынша бітірді. 2008 жылы Алматы қаласы денсаулық сақтау Басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы №5 «Медициналық жедел жәрдем Станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында еңбек жолын  басады. Жедел жәрдемде фельдшер қызметінен бастап, сол жылдың қараша айында жедел жәрдем дәрігері қызметіне ауысты.

2011-2020 жылға дейін аға дәрігер қызметінде болса, биылғы жылдың басында қосалқы станция меңгерушісінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды.

« Балжан Ермекқызы карантин басталғалы бері 5 қосалқы станциядағы жедел жәрдемнің 19 бригадасының жұмысын ұйымдастыру шараларын және еңбек етіп жатқан қызметкерлердің дертке шалдығып қалмау жолында көптеген жұмыстар атқаруда» – дейді әріптестері. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары бойынша конференциялар мен семинарлық сабақтар, вирусқа қарсы костюмдерді кию және шешу ережелерімен таныстыру жұмыстарын да жүргізген.

«Бостандық ауданының БКТБД-мен коронавирустық инфекциямен ауыратын жақын адамдарды анықтау бойынша тығыз жұмыстар атқарылды. Айта кететін жайт, қызметкерлердің ауысымдарында бір-бірлерімен кездесіп қалмау шараларына жағдай жасадық» – дейді  Балжан Ермекқызы.

Қосалқы станцияда күнделікті 2 мәрте қызметкерлердің қызуын тексеріп, ай сайын ПЦР-ға коронавирусты инфекцияға талдауға анализдер өткізеді.

“Демалыс күндері кәсіби дағдыларымды жоғалтпау мақсатында жедел жәрдем бригадасында өзім қызмет жасаймын. Қосымша мектеп оқушыларына арналған шұғыл жағдайлар бойынша интерактивті оқыту өткізіп тұрамын. Карантин уақытында жұмыс ұлғайды, бірақ ешқандай шағым айтпаймын. Өйткені, өз жұмысымды жақсы көремін және осы ауруды тезірек жеңу үшін бар күш -жігерімді жұмсаймын” – деді Балжан Ермекқызы. Жұмысын жақсы көретін маман ғана  өз ісіне осылай жауапкершілікпен қарайды және  өзін адам жанының арашасы болып жүрген мәртебелі мамандық иесі санайды.