ҚРКФ төрағасы ХКК Бүкіл Еуропалық аймақтық кеңесінің атқарушы хатшысымен әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкіл еуропалық аймақтық кеңесінің атқарушы хатшысы Антон Леппикпен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында ҚРКФ пен ХКК арасындағы екіжақты әріптестікті дамыту перспективалары туралы сындарлы пікір алмасу болды.

Сатыбалды Дәулеталин №87 конвенция мен Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын жүзеге асыруға бағытталған «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында қабылданған жаңа толықтырулар туралы хабарлады.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының осы бағытта қолға алған шаралары туралы айта келе, бүгінде негізгі міндеттердің бірі Еңбек адамының әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау үшін кәсіподақтардың күш-жігерін біріктіру болып табылатындығын атап өтті.

Осылайша Федерация қызметінде салалық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшыларымен кездесулер жүйелі ұйымдастырылып отырады, мұнда әр саладағы еңбеккерлердің өзекті мәселелері талқыланады және талданады.

Сондай-ақ, Республикалық кәсіподақтар бірлестіктерімен сындарлы өзара байланысқа қол жеткізілді. 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жобасы аясында бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, алғаш рет үш кәсіподақ ұйымының өкілдері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы әлеуметтік-еңбек саласы жөнінде қоғамдық кеңестің жаңа құрамына кірді.

Келіссөз барысында Антон Леппик Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ХКК ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша қадамдарындағы жақсы динамика мен кәсіподақтардың пандемия кезінде дағдарысқа қарсы шараларды уақытылы қабылдағанын атап өтті. ХКК БЕАК атқарушы хатшысы Қазақстан кәсіподақтар қозғалысын дамытудағы жақсы өзгерістерді атап өтті.

Пікір алмасулар нәтижесінде тараптар өзара әріптестікті әрі қарай да дамыту туралы келісімге келіп, бірлескен жұмыс бағыттарын анықтады.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі