Өз ісінің шебері

 «Адамды адам еткен – еңбек» десек,  өмірінің әрбір сәтін елеусіз өткізбей, төтенше жағдайда да өздерін ойламай халық  қамы үшін қызмет етіп  жүрген жандар өте көп. Осындай  ерік-жігерін  сүйікті мамандығына арнаған  – «Алматы электр станциялары» АҚ ЖЭО-1 электр цехының электр техникалық  зертхана бастығы, кәсіподақ мүшесі  Сатыпалды Иембердиев.

Сатыпалды Сабырұлы 1957 жылы 22 сәуірде Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Орта мектептің оқушысы бола тұрып, электр жабдықтарымен шұғылданып, тұрмыстық  электр құралдарын жөндеумен айналысты.  Жоғары сыныптарда электр сымдарындағы ақаулықтарды жоя білді.

– Бірде розеткіні ауыстырып отырғанда мені сәл тоқ соқты, бұл жағдай электр техникасы туралы көбірек білуге итермеледі. Бұл менің өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болды, – дейді Сатыпалды Сабырұлы.

Осылай ол Алматы  Энергия –  құрылыс техникумына түсіп, 1982 жылы оқуды сәтті аяқтағаннан кейін Алматы 1-ЖЭО-ге келді. Еңбек жолын электр слесарь болып  бастады. Станциядағы жұмыс ауқымы жас маманды таңқалдырды. Жылу электр станциясы, үлкен жабдықтар: турбоагрегаттар, күштік трансформаторлар, қазан агрегаттар сияқты үлкен жабдықтармен (сол кездегі) жұмыс істеу қиын әрі қызықты болды. Сатыпалды Сабырұлы станцияда жұмыс істеп жүріп,                                                   жоғары білім алды. Кейін дәл осы станцияға бауыр басып, көпұлт өкілдері еңбек ететін  және тату ұжым оның екінші  отбасына айналды. Қазір Сатыпалды Сабырұлы 1-ЖЭО электр цехының электр техникалық зертханасының бастығы болып жұмыс істейді. Оның қарамағында  17 жұмыскер еңбек етеді. Олар релелік қорғаныс және автоматика, жоғары вольтты сынау және метрология мамандары. Жұмыскерлер үш ауысымда жұмыс істейді. Зертхананың басты міндеті-станциялардың электр жабдықтарын «қорғау». Датчиктерден ақпарат алған кезде барлығы уақытында ажыратылып, қосылуы тиіс. Сатыпалды Сабырұлы командасы тез арада, кез-келген ақауларды жөндеп,қалпына келтіреді.  Ол қарапайым электр слесарьден бастап бастыққа дейінгі қиын жолды өткізген, бүгінгі күні ақылы мен кеңесімен бөліскен, ең үздік жоғары білікті мамандардың бірі. Сатыпалды Сабырұлының айтуынша, өзің қалаған мамандығың бойынша жұмыс істеу,білгеніңді өзгелерге үйрету  үлкен бақыт.  30 жылдан бері тәлімгер ретінде ондаған жас мамандарды дайындады. Ол үшін ең бастысы, жастардың аяққа нық тұрып, оның білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, еңбек етіп жүргендерін сезіну. Сонда істеген іс пен еңбектің зая кетпегені!

Сатыпалды Сабырұлы  2015 жылы  «Еңбек сіңірген энергетик» атанды. Бұл – талмай,қажымай еткен еңбектің нәтижесі.

«Бір көргеннен ұнатып қалдым» деп айтушы еді ғой, менде 1-ЖЭО-ға келіп, ұжымды көргенде дәл сондай сезімде болдым. Міне, содан бері қаншама уақыт өтсе де, 1-ЖЭО менің жаныма жақын  әрі ерекше ыстық. Әрине, КСРО ыдырауы кезінде қиын кездер де басымыздан өтті,көптеген адамдар шетелге, саудаға кетті, бірақ біз қиыншылықты станциямен бірге өткердік,  станциямызды тастап кеткен жоқпыз!,– деп есіне алды Сатыпалды Сабырұлы.

Дарынды адам – барлық жағынан  дарынды деп бекер айтылмаған. Сатыпалды Сабырұлы  берік отбасын құрып, жақсы әке, немерелеріне тамаша ата болып жүрген жан, қызы мен ұлы да ЖЭО-  1 жұмыс істейді.

– Мен балаларымның әке жолымен жүргенін мақтан етемін. Энергетика үшін ең бастысы – тұрақты даму, адал болу және адамдарды құрметтеу, -дейді ол.

Жұмыстан бос уақытында бильярд ойнайды, спортпен шұғылданады, жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетеді. Сатыпалды Сабырұлы техникалық әдебиеттерді  көп оқиды, барлық жаңашылдықтарды игеріп отырады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін сүйікті ісі электр энергетикамен айналысуды жалғастыру үшін шағын бизнес ашуды жоспарлап отыр. Өз ісінің шебері атанған жан станцияға жұмысқа келген жас мамандар  еліне адал қызмет етсе,мәртебелі мамандықтың қадіріне жетсе деп тілейді.