Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің су апатынан зардап шеккен Мақтарал ауданының тұрғындарымен кездесуде сөйлеген сөзі

Құрметті мақтаралдық ағайындар!

Мақтарал – ұлылардың табаны тиген, рухы қалған киелі аудан.
Себебі, аудан республикаға ақ мақтасымен, көк өнісімен, Мырзашөлдің бай тарихымен және еңбекшіл халқымен танымал.
Шекаралы аймақтағы бұл ауданның тұрғындары берекені көктен емес, еткен еңбектен тілеген тынымсыз еңбекқор жандар екенін біз жақсы білеміз.

Құрметті ағайын, қазақ халқы адам өмірде 12 апат кездеседі дейді – жұт, қуаңшылық, зілзала, індет, тасқын су – сел, өрт, соғыс, содыр, салақ, олақ, жалқау, қорқақ. Оның алғашқы 6-сын – апат, екінші алтауын – кесапат дейді екен. Соның бірі – сіздер зардап шегіп отырған су тасқыны екен. Тағдырлас, атасы бір – тамыры бір бәйтерек, құдандалы екі ел – Өзбекстан мен Қазақстан бүгінгі таңда бірдей жапа шегіп отыр. Бірақ, қиналғанға қол үшін беру, жапа шеккенді жебеу жалпы мұсылманның парызы болса, түркі тілдес халықтарының ата дәстүрі, өмір салты деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, қазақ халқында көмек көрсетуге арналған салт-дәстүр өте көп. Мына бүгінгі таңда дүйім жұрт болып, барша Қазақстан халқы қолындағы барымен бөлісіп, көмек көрсетіп жатқаны – жылу дәстүрі деп аталады екен. Атының өзі қандай тартымды – өз жылуымен тағдыр тоңдырып отырған адамды жылыту!

Міне бізде – республикалық кәсіподақтар федерациясы өз жылуымызбен бөлісейік деп келдік. «Дені саудың – жаны сау» деген қағидамен біз бүгін кәсіподақ өкілдері аудан тұрғындарына кәсіподақтар шипажайларына атап айтқанда, «Меркі», «Көктем», «Жаңақорған», «Манкент», «Щучинский» шипажайларына тегін 100 жолдама тапсырғалы отырмыз.  Сонымен бірге су апаты аймағындағы 4 мектептегі 1608 оқушының сапалы білім алуы үшін компьютерлік сыныптарға арналған 100 дана ноутбук пен 8 дана принтер тапсыруды жөн санадық. Осының алдында ғана Мақтааралдықтарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы өз көмектерін беріп кеткен болатын. Осылайша ҚР Кәсіподақтар федерациясы Мақтарал жұртына жалпы сомасы 49 миллион 300 мың 84 теңгенің көмегін көрсетіп отыр.

Біз сіздермен біргеміз!

Ем алып, дем алып жаңаша рухпен еліміздің дамуына атсалысып жүргейсіздер!

Негізі ата тарихымыздан тамыр алған қиналғанға қол ұшын беру немесе қол жомарттығы – бұл адамгершілік пен ізгіліктің нақты көрінісі.

Сөз жомарттығын білдіріп – жылы сөзбен жұбатып жатқан ағайын-туыс, дос-жаран көп деп ойлаймын.

Бүгін бізге көңіл жомарттығы мен жол жомарттығын көрсетіп Өзбекстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Кудратилла Мирсагатович Рафиков бастаған делегация келіп отыр.

Екі елдің де ең еңбекқор адамдары – ауыл тұрғындары екенін бәріміз білеміз. Ауыл – еліміздің арқа сүйер қара шаңырағы болса, ауылшаруашылығы мен ауыл еңбеккері ел экономикасының негізі.
Ендеше, ауыл азаматтарының амандығы мен саулығы біз үшін қашан да маңызды!

Барлықтарына шынайы алғысымды және рахметімді айтамын.