Кәсіподақ провизорлық стационарларға көмек беруде

Ақтөбеде мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіподағы күшейтілген карантин кезінде провизорлық госпитальдарға ауыз су жеткізуде.

Мәдениет,спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің салалық кәісподағының Ақтөбе облыстық филилалының төрайымы Нәзира Табылдинованың бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілері бірлесіп Ақтөбе қаласындағы еріктілер клубымен байланысып, қаладағы провизорлық госпитальдардың сұранысына сай қажетті заттарын алып беруді ұйғарды.

Олар жиналған қаржыға таза ауыз су ішетін қондырғы куллер аппаратын, 20 литрлік бөтелкелердегі ауыз су мен су ішетін бір реттік пайдаланатын стакан ыдыстар сатып алып берді. Алынған заттарды бүгін Салалық кәсіподақ филилалының жетекшісі мен мүшелері волонтерлар клубының жетекшісі Екатерина Голотинаға табыстады.Олар өз кезегінде қаладағы бүгінде науқастарды емдеп жатқан, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген Ақтөбе медициналық орталығы, «Шағала» шипажайы мен темір жол ауруханасындағы медицина қызметкерлеріне жеткізді.

«Біз бүгінде жер жаһанға жайылған осы індеттің алдын-алу шараларына теңізге құйған тамшыдай өз көмегімізді беруді парыз санадық. Ақтөбе тұрғындарының денсаулығын сақтау, олардың өмірлеріне араша болу жолында үлкен жауапкершілікпен өз міндеттерін қалтқысыз атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне осынау қиын кезеңде қандай қолдау танытсақ та артық емес. Бұндай шаралар жалғасын табады», – деді осы қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы кәсіподақ жетекшісі Нәзира Табылдинова.
Бір айта кетерлігі, бұл игілікті шараны барлық бастауыш ұйым жетекшілері бірауыздан қолдап, көмектерін берді.

– Уақытпен санаспай, күндіз-түні дамылсыз тыным таппай бала-шағаларынан жырақта, ауыр індетті ауыздықтаумен арпалысып жүрген ақ халатты абзал жандардың қазіргі ерен еңбектерін біз әркез бағалаймыз, дейді шараны ұйымдастырушылар.