Кәсіподақ зауыт ардагерлеріне көмек көрсетті

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымы зауыт зейнеткерлеріне үнемі қамқорлық жасайды.

Жуырда ардагерлер Лидия Кириенко мен Петр Бакулинге «Евразия» медициналық орталығында денсаулығын жақсартуға мүмкіндік жасалды. Қажет болған жағдайда оларға стационарлық ем алуға да жағдай жасалмақ.

Ұзақ жылдар зауытта еңбек еткен ардагерлердің бірі Сандыбай Кублашевтың пәтерінде сантехника жабдықтары ауыстырылды. Бірқатар ардагерлерге азық-түлік пакеттері табысталды. Сонымен қатар, зейнеткер Ирина Штрактың үйіне өрттен соң қалпына келтіру жұмыстары үшін 100 мың тенге көлемінде қаржы бөлінді.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кәсіподақ ұйымы өндіріс ошағында тапжылмай ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, қазіргі жастарға ерен еңбектерімен өнеге болған аға ұрпаққа үнемі көңіл бөліп, олардың мұң-мұқтаждарына көмектесіп тұруды парыз санайды.

Қазақстанның қара металлургиясының қарлығашы саналатын зауытта ұрпақтар арасындағы сабақтастық жақсы сақталған. Арада жылдар өтіп, техника жаңарып, зауыттың әлеуеті, өндірістік қуаты артса да, бар саналы ғұмырын зауытқа арнаған адал жандардың еңбегі өлшеусіз құрметке ие бола бермек, – дейді кәсіподақ жетекшілері.

Өз кезегінде ардагерлер кәсіподақ ұйымына ризашылықтарын білдірді.