Бірлік пен әділдікті ту еткен кәсіподақ

Қай салада болмасын жұмысшылардың құқығы қорғайтын қоғамдық бірлестіктер бар. Олар жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы алтын көпіріне айналып, әділдік орнатуға өз ықпалдарын тигізуде.

Алматы облыстық ұйымы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының алқалы органдарының қаулыларын және шешімдерін басшылыққа ала отырып, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіптік мүдделерін білдіру мен қорғау, кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастырушылық қызметін нығайту жөніндегі жарғылық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нақты жұмыстарды жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымына еңбекақыны есептеу, ұжымдық талаптарының орындалуы туралы жыл басынан бері 228 кәсіподақ мүшесінен өтініш түсті.

Оның ішінде жеке қабылдауға -37, әлеуметтік желілер мен телефон арқылы -191 өтініш қаралып, қанағаттанарлық жауап берілді.

Әлемді жайлаған індеттің салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланып, білім саласында алғаш рет қашықтан оқыту тәжірбиесі жүзеге асырылды. Осы аралықта білім беру мекемелеріндегі тәрбиешілер мен кіші қызметкердің жалақысының төлену мәселесі көтеріліп, облыстық білім басқармасымен әлеуметтік әріптестік туралы келісімге сәйкес жалақы 100% төленіп, оң шешімін тапты. Білім саласы өкілдерін жігерлендіріп, кәсіподаққа деген сенімділігін арттырды.

Төтенше жағдай кезінде қоғамдық бірлестіктің есебінен аз қамтылған, көпбалалы 120 отбасыға 800 мың теңге көлемінде азық-түлік себеттері табыс етілді.

Індеттің қарқынынан сақтану мақсатында жаңа оқу жылы қашықтан оқытылатын болды. Бұл кезеңге дайындық жұмысы басталысымен кәсіподақ ұйымы белсенділік танытып, 30 педагогқа 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге көлемінде қаржы бөліп, жеке компьютер алуына материалдық көмек берді.

Болашағымыз білімді ұрпақтың қолында екенін ескеріп, «Мектепке жол» акциясы аясында оқушылардың нәтижелі білім алу жолдары қарастырылып, 20 смартфон алынды. Жақын арада иелеріне табысталатын болады.

Сонымен қатар, COVID-19 және пневмониямен науқастанған кәсіподақ мүшелеріне және қайтыс болғандардың отбасыларына 1 825 000 (бір миллион сегіз жүз жиырма бес мың) теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Жоғарыда аталған игі бастамалар кәсіподақ мүшелері мен белсенділері арасындағы әділдік пен бірлікті көрсетіп, биік шыңдарды бағындыруға мүмкіндік берді. Әлі де атқарылар жұмыстар көп. Біз біргеміз. Бірлесіп бәрін жеңеміз.