Кәсіподақ ұйымы – Еңбек адамының қорғаны

Кәсіподақ ұйымы ол – еңбек адамының ұйымы. Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы  құрылымы  қарапайым  жұмысшылар қозғалысы нәтижесінде құрылған халықтың одағы болатын. Қазіргі таңда, өзінің саласы мен функционалдық міндеттерін кеңейтіп, жан-жақтыландырғанымен, бастапқы құрылым тарихындағы мақсаттары  өз қалпынан өзгерген емес. Яғни, кәсіподақ ұйымдарының  басты мақсаты –  еңбек адамын қорғау, сақтау және еңбек қатынастарын реттеу.

Осы мақсат аясында, ағымдағы жыл бойы «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық  ұйымы» ҚБ бірнеше құқықтық жұмыстар атқарып келеді.  Айта кетер болсам,  білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының бұзылуы анықтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және оған жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында 12 қоғамдық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 51 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды.  Кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтарын қорғауға сотқа жіберілген істер саны – 3. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы бойынша бір іс сотта қанағаттандырылып, нәтижесінде 991 000 теңге екі мұғалімге өндірілсе, қалған екі іс Сырым аудандық сотында қаралып, мұғалімдер тарапына оң шешімі шығарылды. Еліміздегі төтенше жағдай салдарынан орын алған уақытша тұрақсыздықтар нәтижесінде еңбек қатынастарының ретсіздіктері жиі орын алды. Бұл орайда,  кәсіподақтар көмегіне жүгінушілер әдеттегіден көп болғанын жасырмаймын. Біздің тарапымыздан білім ұйымдарына жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижесінде анықталған құқық бұзушылықтардың 26-сы еңбек ақы төлеу мәселесі бойынша болса, 16-сы жұмыс уақыты мен демалыс уақытының сақталмауы бойынша, 9-ы еңбек қатынасын рәсімдеу мәселесі бойынша анықталған болатын. Төтенше жағдай кезінде, сонымен қатар елдегі карантиндік талаптардың салдарына қарамастан БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тікелей қатысуымен білім саласы қызметкерлерінің еңбекақылары толықтай сақталып қалды. Сонымен қатар, аудандық, ауылдық мекемелердің ұжымдық шарттарын қайта жасап, жаңартып, толықтырулар енгіздік. Атқарылған бірнеше құқықтық жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 14 381 224 теңгені құрайтын экономикалық тиімділік қызметкерлерге қайтарылды.

1 ғасыр бұрын елімізде өз бастауын салып, даму мен жаңарудың бірнеше сатыларын артқа қалдырып келе жатқан кәсіподақ қозғалысы  әр жыл сайын өзіндік күш алып, қатарын көбейтіп, белсенділігін арттырып дамуда. Әділеттіліктің туын желбіретіп, еңбек күшінің құқығын қорғап, еңбекке жігерлендіруші ұйымның жоғарғы органы – бес жылда бір рет шақырылатын съезді асыға күтудеміз. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының тарихында оздырылған  әрбір съезд – еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты нығайтып, жұмысшы өкілдердің  құқықтары мен қолжетімді әлеуметтік кепілдіктерін оңтайландырып, кәсіподақ қозғалыстарына жаңа серпін беріп келді. Ағымдағы жылдың 2 қыркүйек күні оздырылу жоспарында тұрған кезекті XXVI съезден күтеріміз көп.

 

Марат Даупаев,

ҚРКФ XXVI съездінің БҚО бойынша делегаты;

БҚО білім және ғылым саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы.