Бағыт – айқын, мақсат – анық

Уақыттың нақты кезеңіндегі қызметі мен міндеттеріне сәйкес өткенін саралап, болашағына бағдар белгілеу кәсіподақтар қозғалысын жандандыруда маңызды рөл атқарады. ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2 қыркүйекте өткелі отырған ХХVI съезі қарсаңында федерация құрамындағы ең ірі салалық кәсіподақ ретінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы биылғы жұмысына шолу жасайды.

Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының ағымдағы жылғы қызметі Салалық кәсіподақтың XIV съездінде қабылданған шешімдерін орындаумен қатар, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға бағытталды.

2020 жылдың 11 қаңтар күні «Педагог мәртебесі туралы» заңы күшіне енгеннен кейін Салалық кеңес пен оның мүшелік ұйымдарының алдына педагогтарға заңның нормаларын түсіндіру, сала қызметкерлеріне маңызды заң актісіне қатысты толық ақпарат беру міндеті қойылған-ды. Осы мақсатта құрылған жұмыс тобы қаңтар-наурыз айларында еліміздің бірқатар өңірінде жұмыс сапарымен болып, педагогтармен кездесті. Кездесулер мен жиындарға 40 мыңнан астам педагог қызметкерлер мен білім беру ұйымдарының басшылары, кәсіподақ мүшелері қатысты. Кездесулерде Салалық кәсіподақтың  «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын дайындауға қосқан үлесіне алғыс айтылып, заң нормаларын түсіндіру бағытында жүргізген жұмыстарға жоғары баға берілді.

Наурыз айында коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде карантин режимінің жариялануы Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының жұмыс жоспарына өзгерістер енгізді. Індеттің таралуына жол бермес үшін Мемлекеттік комиссия шешімі негізінде жекелеген білім беру ұйымдарының қызметі уақытша тоқтатылып, жоғары, кәсіптік және техникалық, жалпы орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту туралы шешім қабылданды.

Орын алған жағдай еңбек қатынастарын ұйымдастыруда бірқатар қиыншылықтар тудырып, соның бірі жұмыс күшін жаппай босатуға әкеп соқты. Осы кезеңде кәсіподақ ұйымдарының алдына сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын төмендетпеу секілді маңызды міндет қойылды.

Коронавирус пандемиясы кезінде әдеттегі жұмыстың маңызы артып, қоғамда қалыптасқан жағдайға қарай әлеуметтік әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істелді. Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарының жұмыс берушілеріне қызметкерлерді қолданыстағы еңбекақы көрсеткіштерімен қамтамасыз ету, оларды ақысыз демалыстарға жіберуге жол бермеу, ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңнама тәртібін сақтауды талап етіп, үндеу жасады. Мамандар жұмыстың бос тұрып қалу режиміне  ауыстырылған қызметкерлерге ақы төлеу, демалыс беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде түсініктемелерін жариялады. Әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымыз арқылы тікелей эфирге шығып, кәсіподақ мүшелерінің сауалдарына жауап берілді. (Бір ғана мысал, соңғы осындай онлайн сұрақ-жауап эфиріне екі мыңға жуық мұғалім қатысып, 1000-ға жуық сұраққа жауап берілді).

Сонымен қатар, қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтау және оларды тез арада жою мақсатында жүйелі мониторинг жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Осы кезеңде барлық өңірлерде Салалық кәсіподақ мамандары 24/7 режимінде қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңес берді.

Карантин кезеңінде білім саласы қызметкерлеріне, олардың ішінде әсіресе бала-бақша қызметкерлеріне оңай болған жоқ. Өйткені, наурыз айынан бастап өңірлерде бала-бақшалар жұмыс істеуін тоқтатып, бірқатар жұмыскерлер ақысыз демалысқа жіберіліп жатты. Осы орайда, үшжақты әлеуметтік әріптестік туралы салалық өңірлік келісімдерде белгіленген Кәсіподақтың ұсыныстары ескеріліп, қызметкерлер жұмыстың бос тұрып қалуы кезінде Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес айлықақыларын толық алуына мүмкіндік жасалды. Салалық кәсіподақ өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек жағдайларының жақсаруына мүдделі және бұл мәселені әрдайым назарда ұстайды.

Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары қиын-қыстау кезеңде жағдайы төмен кәсіподақ мүшелеріне көмек беріп, қолдау  көрсетуден сырт айналып өткен емес. Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде де осы игі дәстүр жалғасын тапты. Саладағы кәсіподақ ұйымдары «Біздің күшіміз – бірлікте!» ұранымен жұмыла жұмыс жүргізді. Еліміздегі кәсіподақ белсенділерінің үйлесімді жұмыстарының арқасында көп балалы, аз қамтылған отбасылар, ардагер педагогтар, қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетілді. Кәсіподақ өкілдері оларға жеке қорғаныш құралдарын – бетперделер мен бір реттік қолғаптар, залалсыздандырушы және антисептикалық құралдарды, сонымен қатар азық-түлік себеттерін тегін таратты.

Жасалған жұмыстардың нәтижесі кәсіподақтың төтенше жағдай режимі шарттарында да игілікті істерді атқарудан қалыс қалмағанының айқын дәлелін көрсетті. Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне де осылай жан-жақты қолдау жасады.

Негізі, қандай форматта жүзеге асырылса да еңбек құқығының бұзылуына жол бермеу – кәсіподақ қызметінің басым бағыты болып қала береді. Төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңде, одан кейінгі карантин уақытында да Салалық кәсіподақ жоспарлы жұмыстары мен шараларын белсенді түрде жүзеге асырды.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын орындау бойынша 1191 қоғамдық  бақылау жүргізіп, 1093 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегін анықтады. Оның 378 айлық ақының дұрыс төленбеуіне, 229 жұмыс уақыты мен демалу режимін бұзушылыққа, 349 еңбек қатынастарын рәсімдеуге және 137 тағы басқа да заңбұзушылықтарға қатысты.

Жыл сайын кәсіподақтың араласуымен педагогтарға тиесілі қаражаттар қайтарылып беріледі. Мәселен, былтыр бұл сома 2 067 124 753 теңгені, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында  653 893 331 теңгені құрады.  Бұл педагогтардың еңбекақыларын, педагогикалық шеберлік бойынша біліктілік санатына, магистр дәрежесіне берілетін қосымша ақылар, сонымен қатар, еңбек демалысының ақысы мен сауықтыруға арналған жәрдем ақының тиісті деңгейде есептелмеу салдарынан қайтарылған қаражат.

Жұмыс берушілерге орын алған еңбек қатынастарының бұзылғаны жөнінде 580 ұсыныс жолданды, 537 ұсынысқа кемшіліктерді жойғаны туралы жауап алынды. Бұл кәсіподақтың араласуымен құқық бұзушылықтардың орын алуына жол берілмегенінің айқын дәлелін көрсетеді. Осы мерзім ішінде кәсіподақ мүшелерінің заңды мүдделерін және еңбек құқығын қорғау мақсатында сотқа 8 талап-арыз жіберілді. Сонымен қатар 11 кәсіподақ мүшесіне сот процестерінде өкілділік қамтамассыз етілді.

Кәсіподақтың араласуымен заңсыз жұмыстан шығарылған 54 қызметкер жұмыс орнына қайтарылды, оның 3 сот арқылы. 91 қызметкердің заңсыз жұмыстан қудалануына тосқауыл қойылды. Салалық кәсіподақ өз мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерінің бұзылуын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

Қазіргі таңда қашықтан білім беруді қолдау мақсатында кәсіподақ тарапынан педагогтарды компьютермен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда.

Жалпы, Салалық кәсіподақтың биылғы жыл ішінде жүргізген жұмыс нәтижелері Салалық кеңес пен оның мүшелік ұйымдарының күрделі кезеңде сынақтан сүрінбей өтіп келе жатқанының айғағын көрсетеді.

Бүгінгі таңда Салалық кәсіподақтың XIV съездінде көзделген жоспарлы шаралар мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта шешілуі тиіс бірқатар мәселелер бар. Олардың тиімді түрде іске асуы үшін табанды жұмыс жалғасын таба бермек. Бастысы, бағыт – айқын, мақсат – анық.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезд жұмысына сәттілік тілейді. Бас жиында қабылданған шешімдер еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын жаңа деңгейге шығаратынына сенімдіміз.

 

А.Мұқашева,

«Қазақстандық салалық білім және

 ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ

төрайымы