ҚРКФ ХХVI съезінің ҚАРАРЫ «Кәсіподақтар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін»

Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің делегаттары заманауи экономикалық сын-қатерлер, оның ішінде COVID пандемиясына байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жаңа формаларын іздеуді, жұмысшылардың заңды мүдделерін тиімді қорғауды қажет ететіндігін атап өтті. Бұл сонымен қатар, жұмыс орындарының жетіспеушілігімен, технологиялық жаңалықтардың жаңа толқынымен және жұмыспен қамтудың қалыпты емес  түрлерінің дамуымен байланысты.

Мемлекеттің экономикалық саясатының басты басымдығы, әсіресе дағдарыс жағдайында, еңбек нарығын дамыту және халықтың тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал ету болып табылады. Соңғы 5 жылда жұмыссыздық 5,0% деңгейінде тұр.

Алайда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін Қазақстанның алдында ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен басқа да көрсеткіштердің мөлшерін жетекші елдердің деңгейіне дейін ұлғайтуға қатысты күрделі міндет тұр. Осы мақсаттарға жету үшін Қазақстанда тиісті әлеует пен экономикалық алғышарттар бар.

Съезд делегаттары  жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер жұмысшыға экономикалық тәуелсіздік, отбасын асырауға, демалуға, мәдени және адамгершілік тұрғыдан дамуға, кәсіби және шығармашылық әлеуетін жетілдіру мен іске асыруға мүмкіндік беретін лайықты еңбектің негізгі элементтері болып табылатындығын атап өтті.

Жұмыс күшінің қалыптасқан құны жұмысшының тұрғын үйге, коммуналдық қызметтерге, көлікке, балаларды асырауға, өзін және отбасы мүшелерінің емделуіне, білім алуына  қажетті өмірлік маңызы бар шығындарын қамтамасыз етпейді.

Қазақстан Республикасында ең төменгі жалақы орташа жалақының 17,7% -ын құрайды.  Заңмен  белгіленген ең төменгі жалақы азық-түлік, тауарлар мен қызметтерге бағаның үнемі өсуіне  байланысты, адам еңбегінің нақты құнына сәйкес келмейді және жұмыс күшін қайта өндіруге кеткен шығындарды өтемейді. Ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме жоқ.

Экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың жалақы төлеу жүйесінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Экономика салаларында жалақы төлеу жүйесін қалыптастырудың нақты процедурасының болмауы, бірінші санаттағы жалақының ең төменгі ставкасы, салалық келісіммен анықталған қауіптілік және қауіптілік дәрежесі бойынша еңбек жағдайларын жіктейтін салалық коэффициенттерді белгілеудің нақты механизмдері және жалақы жүйесінің ашықтығын төмендететін көптеген қосымша төлемдердің болуы тиімді жалақы жүйесінің қалыптасуына ықпал етпейді.

Бюджеттік салада қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын есептеу үшін қолданылатын Базалық лауазымдық жалақының деңгейі төмен деңгейде қалып тұр. Ол 2011 жылғы 1 шілдеде 17697 теңге болып белгіленді және көптеген жылдар бойы өзгеріссіз әрі  ең төменгі күнкөріс деңгейінің тек 56,6% құрайды.

Даму жолындағы еліміз үшін қысқа мерзімде  халықаралық деңгейдегі жалақы стандарттарына жету  мүмкін еместігін айқын түсініп, Кәсіподақтар Федерациясы жалақыны және олардың әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеру арқылы жұмысшылардың өмір сүру деңгейін жақсарту жұмыстарын жалғастырады.

Республикада өмір сапасының жақсаруына әсер ететін базалық минималды әлеуметтік стандарттар (зейнетақы, жәрдемақы және т.б.) тек жылдық инфляция деңгейіне өседі. Сонымен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік қорғауға, денсаулық сақтауға, кәсіптік оқытуға құқығын іске асыру – әлеуметтік саясаттың басты міндеті. Алайда ондағы қолданыстағы стандарттар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкес келмейді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Съезд  Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметіне, әлеуметтік әріптестерге:

  • 2021 жылы Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы  ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131-ші,  «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы»  №102-ші, «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы» №154-ші конвенцияларын ратификациялау;
  • ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу;
  • табиғи монополия субъектілерінің өндірістік және әкімшілік персоналдың жалақысына аймақтағы орташа айлық жалақының нақты деңгейінен төмен емес шығындарын (тарифтерді белгілеу кезінде) есепке алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілеріне ұжымдық келісімшарттарды  орындау үшін тарифтерді өсірусіз, шектеулі пайданың бес пайызына дейін пайдалану мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;
  • меншіктің барлық формасындағы кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысын индексациялау тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекіту;
  • бюджеттік сала қызметкерлерінің  еңбекақы төлеу жүйесін негізгі лауазымдық жалақыны заңмен белгіленген ең төменгі жалақыға ауыстыру арқылы жетілдіру;
  • еңбек жағдайларын зиянды және қауіптілік дәрежесі бойынша жіктейтін салалық коэффициенттерді белгілеу әдістемесін әзірлеу;
  • жұмыс берушінің жұмысшының  уақытша еңбекке жарамсыздығына алып келген денсаулығына келтірілген зиянды өтеу кезінде кәсіпорындағы еңбек өтіліне байланысты сараланған тәсілді қолдануды қамтамасыз ету;
  • ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылардың  зейнеткерлікке шығу жасын төмендету;
  • қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру үшін регрессивтік төлемдер мөлшерінің кәсіпорындағы орташа жалақының өсуіне пропорционалды артуы, сондай-ақ алушы зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін оларды төлеуді жалғастыру;
  • зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігі мен зейнетақы аннуитетінің әділ мөлшерін арттыру;
  • сақтандыру жағдайлары туындаған кезде жұмысшының жалақысын Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған стандарттардан төмен емес деңгейде ауыстыру деңгейін белгілеу;
  • кәсіподақтардың әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысуы;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік қызметтердің толық және сапалы берілуіне  кәсіподақ  бақылауының тиімділігін арттыру.
  • ең төменгі мемлекеттік әлеуметтік стандарттар мен әлеуметтік қамсыздандыру нормаларын ЭЫДҰ елдеріндегі  көрсеткіштер деңгейіне кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған тиісті шараларды қабылдауға шақырады.

Кәсіподақтар федерациясының съезі кәсіподақтардың жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша қызметі, мемлекеттің жұмысшылардың мүдделері үшін әділетті әлеуметтік саясаты   кәсіподақтың әрбір мүшесінің өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар кәсіподақтардың рөлін күшейтуге, олардың қазақстандық қоғамдағы беделі мен ықпалын арттыруы тиіс деген сенім білдіреді.