ҚРКФ Төрағасы «Қазкөліккәсіп» салалық кәсіподағының Х съезінде кәсіподақтар қозғалысының түйінді мәселелерін атап өтті

Сәрсенбі күні, 9 қыркүйекте, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Х съезінің жұмысына қатысты.

Съезд делегаттарына арнаған сөзінде Сатыбалды Дәулеталин Салалық кәсіподақтың және барлық кәсіподақтар бірлестігінің еңбеккерлердің игілігі жолында әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.

«2019 жылы «ҚТЖ» Ұлттық компаниясында әлеуметтік тұрақтылық индексі 71%-ға дейін, ал әлеуметтік даму индексі 86%-ға дейін артты. Бұл жақсы көрсеткіштер ғана емес, бұл тиімді әлеуметтік әріптестіктің нәтижесі», – деді ҚРКФ басшысы.

Осы ретте ол Мемлекет басшысының қазақстандық кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалағанына баса назар аударды.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің делегаттарына арнаған сөзінде кәсіподақтар құқықтарды қорғау, Еңбек адамына лайықты өмір мен жағдайды қамтамасыз ету бойынша прогрессивті миссияны атқаратын заманауи әлемнің маңызды қоғамдық институттарының бірі болып табылатынын атап өтті», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінде қабылданған Стратегияның негізі болған  Қазақстан кәсіподақтары бірлестігінің мақсаттары мен міндеттеріне жеке тоқталды.

«Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің делегаттары 2020-2025 жылдарға біздің басты жолбасшымыз болатын Стратегияны бірауыздан қабылдады. Стратегияда алғашқы рет міндеттер, құндылықтар, мақсаттар мен міндеттерді шешу жолдары жинақталған және қалыптасқан», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы кәсіподақтардың басым міндеттерінің қатарында жұмысшылардың өмір сүру деңгейін жақсарту, әлеуметтік серіктестікті дамыту, жұмысшылардың кірістер деңгейіндегі теңсіздікті азайту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіподақтың бастауыш ұйымдарын нығайту мәселелерін атап өтті.

Сатыбалды Дәулеталин жұмыс орындарын сақтау мәселелері туралы айта отырып, «ҚТЖ» Ұлттық компаниясының» салалық кәсіподақтың қатысуымен жұмыстан шығарылған жұмысшыларды одан әрі жұмыспен қамту үшін заманауи бағдарламаны қабылдауының маңыздылығын атап өтті. Ол бұл жұмысты жалғастыруға шақырды.

«XXVI съездің делегаттары 2021 жылды бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы деп жариялауға шешім қабылдады. Федерация және оның мүше ұйымдары мәселелерді шешу және бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен жұмысты жетілдіру арқылы өздерінің дамуын жалғастырады.

Біздің күшіміз бірлікте, тек кәсіподақ қатарларының біртұтастығын дамыта отырып, біз жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғай аламыз», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Съездің күн тәртібіне сәйкес делегаттар Кәсіподақтың Орталық кеңесінің, Бақылау-тексеру комиссиясының 2015 – 2020 жылдар кезеңіндегі жұмысы туралы есептерді тыңдады және қабылдады, сонымен қатар салалық кәсіподақтың осы органдарының құрамын бекітті.

Оразғали Ахметбаев «Қазкөліккәсіп» салалық кәсіподағының төрағасы болып бірауыздан сайланды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі