ҚРКФ төрағасы Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы кеңесінің мүшелерімен кәсіподақтарды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын талқылады

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы кеңесінің отырысына қатысты.

ҚРКФ басшысы кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы айқын әлеуметтік бағдарымен мемлекеттік саясаттың жаңа екпіндерін қамтитынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы айтқан міндеттерді жүзеге асыру Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезінің «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты басты үндеуі ел Президентінің жалпыға бірдей әділеттілікке қол жеткізу жөніндегі негізгі тезисімен үндес екенін баса айтты.

Төраға салалық кәсіподақ жұмысындағы елеулі жетістіктерді атап өтті.

«Мәдениет салалық кәсіподағының Мәдениет және спорт министрлігі әлеуметтік әріптесімен белсенді жұмысының арқасында соңғы 5 жылда мәдениет қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде оң өзгерістер болды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысы 35-тен 50%-ға дейін өсті, 2023 жылға дейін жалақының жыл сайын жүйелі түрде 25%-ға өсуі, 20 жылдық кәсіби қызметтен кейін балет әртістеріне ай сайынғы арнайы төлемдер болжануда. Кәсіподақ мүшелерінің сенімділігі мен оның беделіне кәсіподақ мүшелері өсімінің оң динамикасының сандары, сондай-ақ әлеуметтік серіктестермен тығыз ынтымақтастық тікелей дәлел», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы алдағы 5 жыл ішінде қазақстандық кәсіподақтардың басты бағдары болуға арналған Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге ерекше тоқталды.

Яғни, кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру деңгейін жақсарту, әлеуметтік серіктестікті нығайту, еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жалақыны қамтамасыз ету сияқты басымдықтарға жіті көңіл бөлінуде.

«Биыл біз балет әртістерінің мәселесін шеше алдық. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң балет әртістеріне соңғы үш жылдағы бір жұмыс орнынан орташа айлық жалақысының 60% төлемақысы мәселесін шешті», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Федерация Төрағасы жаңа жағдайдағы кәсіподақтардың қызметін сипаттай отырып, жаңа демократиялық формациядағы кәсіподақтар мәртебесіне қолжеткізу жолында ең маңызды міндет – барлығына еңбек құндылықтарын, таңдау еркіндігі мен жұмыс істеу құқығын, әділеттілікті, ынтымақтастықты, еңбек адамының қадір-қасиетін жеткізу екенін баса айтты.

«Біз өз қызметімізді жобалық форматта қайта құруымыз керек. Бұл тәсіл формализмнен, бір реттік және «шулы» акциялардан бас тартуға, тиімділіктің нақты көрсеткіштері бар шаралар жиынтығының пайдасына негізделген. Бұл кәсіподақтардың мақсаттары мен міндеттерін бірыңғай түсіну негізінде – кәсіподақ мүшелерімен тікелей байланыс арқылы нақты мәселелерді жүйелі түрде шешіп, нақты нәтижеге назар аударуды білдіреді », – деді ҚРКФТөрағасы.

Кездесу барысында Кеңес мүшелері Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен және Қазақстан Республикасы Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігімен әлеуметтік серіктестік туралы жаңа салалық келісімдерді әзірлеуді, сондай-ақ бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді қарастырды.

Кездесуге қатысушылар ҚРКФ-ның қабылданған Стратегиясында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда кешенді тәсілдің қажеттілігі туралы бастамаларын қолдады.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі