ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Маңғыстаудан келген “Өзенмұнайгаз жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы” Қоғамдық Бірлестігінің өкілдерімен кездесті.
“Өзенмұнайгаз жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы” ҚБ мұнайлы өлкенің ғана емес, республика бойынша ірі бірлестіктердің қатарында. Бірлестікке 17 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Кездесуге олардың 9-ының төрағалары келді.
Кездесуге келген мұнайшылардың басты базынасы – зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін төленетін 5% көлеміндегі міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы. Яғни олар ҚРКФ төрағасынан зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайларында жұмыс істейтін мамандықтар, жұмыстар, өндірістер тізіміне өз мамандықтарын енгізу мәселесінде қолдау көрсетуді сұрады.
Айтып өту керек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша арнайы комиссия құрылған. Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ өкілетті орган Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігі арқылы мәселенің оң шешілуіне күш салатынын жеткізді.