www.inform.kz: “ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Nur Otan» праймеризіне қатысушылармен кездесті”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек күні қарсаңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушылармен онлайн режимінде кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 қыркүйекте Қазақстанда Еңбек күні атап өтіледі. Бұл – кәсіподақ мүшелерінің екінші кәсіби мерекесі болып саналады. Осы маңызды күн қарсаңында біз «Nur Otan« партиясының праймеризіне қатысушылардың барлығының басын қосқымыз келді. Бүгінгі күні оған қатысуға 11 мыңға жуық адам өтініш білдірген болса, олардың 2700-ден астамы – кәсіподақ мүшелері. Иә, бүгінде барлығы бірдей кәсіподақтың күн тәртібін алға тартпайды. Бірақ біз кәсіподақ мүшелерінің басын біріктіріп, тартуға тырыстық. Біздің күн тәртібіміз бар, біз сайлауға не үшін қатысып, не ұсына алатынымызды білеміз», – дейді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев. 2 қыркүйекте Кәсіподақтар федерациясының 2020 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Онда еңбек адамына қатысты мәселелер көрсетілген. «Біз бұл стратегия бойынша ұзақ уақыт, жаз бойы жұмыс істедік. Онда еңбек адамына – қарапайым жұмысшыларға қатысты негізгі мәселелер айтылды. Мысалы, жалақы жүйесін жетілдіру. Ең төменгі жалақыдан төлем формасынан есеп айырысуға көшу мәселелері. Біз мұны қалай істейтінімізді білеміз – ратификациялау және Халықаралық еңбек ұйымы конвенциясы қажет. Бізде осы құралдардың барлығы бар. Егер ратификацияланған болса, біз барлық қызметкерлердің – мұғалім, дәрігер және басқа да еңбек адамдарының жағдайын жақсарта алар едік», – деп түсіндірді ол. Нұрлан Өтешев атап өткендей, Мемлекет басшысы өз Жолдауында қазіргі кезде қоғамда, өкінішке қарай, еңбек құны түсіп бара жатқанына назар аударды. Оның ойынша, қоғамдағы еңбекке құндылық қосу үшін кәсіподақтардың рөлі ерекше болуы керек. «Материалдық байлықты өз қолымен жасайтын адам алдыңғы қатарға шығуы керек деп санаймыз. Бүгін біз алғашқы сайлауларымыздың сайлау науқанында еңбек қаншалықты құнды екенін талқылауды қалаймыз. Әлеуметтік желілерге көп көңіл бөлінеді, бізде осыған байланысты бірнеше идея бар. Сонымен қатар, барлық қатысушылар сайлау науқанының ерекшеліктерімен бөліседі деп ойлаймын», – деп толықтырды кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев. Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, кәсіподақтардың осы сайлау науқанына қатысуы Кәсіподақтар федерациясы мен «Nur Otan» партиясы арасындағы меморандумды жүзеге асырудың жалғасы. Партияішілік праймериз Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отырғанын ескерсек, кәсіподақ белсенділерінің мұндай саяси науқанға қатысуы – бұл елдің кәсіподақ қозғалысы тарихындағы жаңа кезең. Іс-шараға ел өңірлерінен 60-қа жуық праймериз-қатысушы, сондай-ақ ҚР КФ орталық аппаратының өкілдері қатысты.

https://www.inform.kz/kz/kr-kasipodaktar-federaciyasy-nur-otan-praymerizine-katysushylarmen-kezdesti_a3699103