ҚРКФ байқаушылары “жедел желіні” іске қосты

ҚРКФ байқаушыларының республикалық штабы сайлау кезеңінде азаматтардың сайлау құқықтарының бұзылу фактілеріне қатысты шағымдарды қабылдау үшін WhatsApp-та «жедел желі» ашты. Енді азаматтар алдағы сайлауға байланысты жұмысшыларға қысым көрсету фактілері туралы +7 775 005 4242 нөміріне хабарлай алады.

Бұл туралы ҚРКФ Республикалық штабының төрағасы Нұрлан Өтешев «Ауыл» партиясының сайлауалды штабының мүшелерімен кездесу кезінде айтты.

Кездесуге Нұр-Сұлтандағы аймақтық байқаушылар штабының төрағасы Төлеген Күнаділов пен ҚРКФ байқаушыларының республикалық штабының мүшесі Атақозы Нұрланов қатысты.

«Ауыл» партиясының өкілдері сайлауалды штабының жетекшісі Қайрат Айтуғанов, сондай-ақ штаб мүшелері Төлеутай Рахымбеков пен Талғат Зейнуллиндер келді.

ҚРКФ-ның Республикалық штабының басшысы қатысушыларға кәсіподақтардың Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізуге қатысу мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді.

Нұрлан Өтешев саяси оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, Кәсіподақтар федерациясының жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың негізгі басымдықтарын еске түсірді.

«Егер заң шығару органдарына Еңбек Адамының мүдделерін алға жылжытатын адамдар кірсе, біздің жұмыскерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі ортақ күш-жігеріміз жаңа серпін алады. Бірлік, әділеттілік, даму – бұл кәсіподақтар федерациясының негізгі қағидаттары, бұл қоғамның негізгі демократиялық құндылықтарын сақтауға көмектеседі », – деді ҚРКФ штабының басшысы.

Сонымен қатар ол республикалық және аймақтық байқаушылар штабы жұмысының барысы туралы, оның ішінде саяси партиялардың, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесулер туралы хабарлады.

Байқаушылар пулын даярлау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нұрлан Өтешевтің айтуынша, олардың саны бүгінде бүкіл республика бойынша шамамен 7 мың адамды құрайды.

Сонымен қатар, байқаушылар миссиясын тиімді жүзеге асыру үшін ҚРКФ-ның республикалық штабы Қазақстанның басқа мемлекеттік мекемелерімен өзара әрекеттестікті күшейтті.

«Біз Қазақстанның Азаматтық Альянсымен күш-жігерімізді біріктірдік және Партиялық емес байқау орталығын құрдық, оның шеңберінде біз байқаушыларды әлемдік үздік стандарттар шеңберінде бірлесіп оқытып, мүмкіндігінше тиімді түрде қоғамдық бақылау үдерістерін жүргіземіз», – деді Нұрлан Өтешев.

«Ауыл» партиясының сайлауалды штабының жетекшісі Қайрат Айтуғанов өз кезегінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына сайлауды тәуелсіз бақылау бастамасы үшін алғыс білдірді.

«Ауыл» партиясы ҚРКФ бастамасын қолдайды. Алдағы сайлауды әділ жағдайда өткізу біздің мүддемізге сай келеді. Сайлау алдындағы бағдарламамызда біз бұдан әрі Қазақстанның кәсіподақтарымен өзара іс-қимылдың маңыздылығы туралы айтамыз. Осы тұрғыда біз Қазақстан кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар бердік », – деді Қайрат Айтуғанов.

Республикалық байқаушылар штабының төрағасы партиямен одан әрі әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, бұл кәсіподақтардың байқаушыларының бейтарап ұстанымына әсер етпейді деп сендірді.

«Кәсіподақ бірлігін нығайту және кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғауға қатысты ұсыныстар біз үшін ерекше маңызды. Соған қарамастан, сайлау кезеңінде кәсіподақтар сайлау ашық және әділ күрес жағдайында өтуді қолдайды », – деп қосты ҚРКФ Республикалық штабының басшысы.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы