Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақтың бірлігі мен ашықтығы оның әрбір мүшесінің санасында нығаюы тиіс»

Сәрсенбі, 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында ҚРКФ-ның қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясын  жүзеге  асырудың басым бағыттары қаралды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелердің негізгі мазмұны – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы ҚРКФ-ның XXVI съезінде жариялаған Кәсіподақтар федерациясының барлық мүше ұйымдарының жұмысындағы ашықтық, айқындық және бірлік.

Бас кеңес жұмысын ашқан ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың негізгі миссиясы кәсіподақтар қозғалысының қатарын біріктіру, сондай-ақ ашықтықты, айқындылық пен жариялылықты насихаттау екенін атап өтті.

«Өткен Съезде кәсіподақтар қазіргі күн тәртібіне сәйкес дамудың жаңа векторын анықтады. Бірлік, әділеттілік, даму – бұл Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі қағидалары. Олар жұмысшылардың кәсіби және әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін ұжымдық қорғау әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ қызметінің жаңа Стратегиясының ережелерін тиімді жүзеге асыру аясында оны жүзеге асырудың негізгі шаралар жоспары Бас кеңестің қарауына ұсынылды. Бас кеңес мүшелеріне ҚРКФ Төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева Жоспардың жобасын таныстырды.

«Негізгі іс-шаралар жоспары үш бөлімнен тұрады, оның ішінде кәсіподақтар қозғалысының идеологиясын насихаттау, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және ҚРКФ мүше ұйымдарының  қызметін үйлестіру жүйесін жетілдіру», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.

Негізінде Жоспармен анықталған шаралар кешені жұмысшыларды қолдау орталығын құруды, «Сау жұмыс орындары» бағдарламасын іске асыруды және Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеуге қатысуды көздейді. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелеріне еңбек дауларын шешуге көмек көрсету үшін Заң клиникасын құру жоспарлануда. Мәселелердің едәуір жиынтығы қаржы саясатын нығайтуға және Кәсіподақтар федерациясының активтерін тиімді басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған.

«Корпоративтік басқару және активтерді дамыту бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ мүше ұйымдардың оларды басқаруға қатысуын қамтамасыз ету ұсынылады», – деп атап өтті Гүлнара Жұмагелдиева.

Іс-шаралар жоспарында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылған. Осы мақсатта халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағдарламасы жасалады. ҚРКФ өкілдерінің ХЕҰ іс-шараларына қатысуы, сондай-ақ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына ҚРКФ мүшелігін жаңарту жөніндегі жұмысты жалғастыру қарастырылуда.

Әлеуметтік әріптестік аясында ХЕҰ Конвенцияларын ратификациялау бойынша әлеуметтік әріптестермен жұмыс, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен кездесулер өткізу жоспарда бар.

Стратегияны іске асыру жоспарындағы маңызды тармақ – 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылы» деп жариялау.

Бұл мәселе Бас кеңес мүшелерінің ұжымдық қарауына ұсынылды және оның мақұлдауына ие болды.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев атап өткендей, бастама бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін өзектендіруге, оларды қаржылық жағынан нығайтуға және кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеруге бағытталған.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық шолу байқауын өткізу жоспарланып отыр, әр облыста Кәсіподақтар федерациясының күндерін өткізу ұсынылды.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы жарқын оқиғаға айналуы керек. Әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауын өткізу ұсынылды.

Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова Кәсіподақтар федерациясының бастауыш деңгейге ерекше назар аударғаны үшін ризашылығын білдіріп, осындай қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жарияланғанына өте қуаныштымыз. Біз осы жылды сәтті жүзеге асыруға белсенді қатысамыз. Федерацияға «бастауыш кәсіподақ ұйымдарына» назар аударғаны үшін рахмет. Бұл – біз үшін өте маңызды және өзекті», – деп атап өтті Татьяна Шерстобитова.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылын өткізу еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының өміріндегі маңызды оқиға деп атады. ҚРКФ басшысы кәсіподақтардың қызметі ең алдымен кәсіподақ мүшелерінің өмірін сапалы жақсартуға бағытталғанын тағы бір еске салды.

«2020 жыл ішінде 61 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. 6000-нан астам адам кәсіподақтарға қосылды. Дағдарыс жағдайында кәсіподақтар жасаған бұл орасан зор жұмыс шынымен де пандемияға қарамастан кәсіподақтардың алдыңғы қатарда екенін көрсетті. Біздің барлық мүше ұйымдар осы процеске белсенді қатысты. Бұл –кәсіподақ қызметіне берілген жақсы баға», – деп есептейді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының тарихында тұңғыш рет қаржылық мәселелер Бас кеңестің ашық қарауына шығарылды – Кәсіподақтар федерациясының 2021 жылға арналған бюджеті қаралды, ҚРКФ мен оның мүше ұйымдарының бірыңғай қаржылық саясаты бекітілді.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әріптестерін қаржыландыру мәселелерін шешуде коллегиалды тәсіл толық қамтамасыз етілетініне сендірді.

«Ешқандай да цифрлар жасырылмайды. Сонымен қатар, сіздер бұл процеске қатысатын боласыздар. Біз ҚРКФ-ның қаржылық қызметі заңды салада болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуіміз керек. Мұнда ешқандай артықшылық болмауы керек. Біз бірге ҚРКФ активтерінің дамуға жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз. Кәсіподақтың әрбір мүшесі өзінің жарнасының қайда жұмсалатынын білуі керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев өз сөзінде бұл шаралар Федерация органдары қабылдаған шешімдердің ашықтығы мен алқалылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Федерацияның және оған мүше ұйымдардың ашықтық пен жариялылық қағидаттары аясында бірыңғай қаржылық саясатын жүргізу – бұл мүше ұйымдардың қаржылық қамтамасыз ету мәселелерінде қатаң орындаушылық  тәртібін, сондай-ақ Федерация органдарының қаржылық міндеттемелері мен шешімдерін орындау үшін кәсіподақ ұйымдары басшыларының жеке жауапкершілігін қамтамасыз етуге негізделеді», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Сондай-ақ, Федерация активтерін басқару саясатын айқындайтын, меншікті басқару құрылымын құрайтын және өкілеттік беретін, мүлікті құру көзін көрсететін, Федерация мүлкіне қатысты активтерді дамытудың негізгі бағыттары және қауіптерді басқару әдістерін бекітетін ҚРКФ меншігін иелену, қолдану және басқару Ережелері әзәрленді және талқылауға берілді.

Бас кеңес мүшелері ҚРКФ-ның қаржылық мәселелерге ашықтықты енгізуді жоғары бағалады.

Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева ҚРКФ-да қаржы мәселелерін бірлесіп қарау қажеттілігі бұрыннан келе жатқанына тоқталды.

«Федерацияның меншігін ретке келтіру уақыты келді. Бұл шаралар кәсіподақ мүшелерінің пайдасына жұмыс істейді. Егер бізде қаржы мәселесінде тәртіп болса, онда жұмыстың басқа салаларында да тәртіп болады», – деді ол.

Мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов ҚРКФ-ның ашықтығының, соның ішінде қаржы саласындағы айқындық деңгейінің артуының маңыздылығын атап өтті.

«Съезде жарияланған ҚРКФ барлық бастамалары іс жүзінде жүзеге асады. Барлығы Стратегия бойынша жүреді. Бұл – біз үшін өте маңызды», – деді Мирболат Жақыпов.

Қазақстан мұнай-газ саласы кәсіподағының төрайымы Елена Мустафина ҚРКФ-ның қаржылық мәселелерін ашық талқылау сенім мен ынтымақтастықты қалыптастырудағы маңызды қадам деп санайды.

«Кәсіподақтар федерациясы тұңғыш рет қаржылық саясатты жаңа жолға салу үшін қаржылық саясат мәселелерін талқылауға шығарды», – деді Елена Мұстафина.

Сондай-ақ, Бас кеңес мүшелеріне Марапаттау қызметінің жаңа тұжырымдамасы ұсынылды.

Марапаттау қызметін жетілдіру жөніндегі ҚРКФ бастамасын ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды.

«Кәсіподақ көшбасшыларын және кәсіподақ қызметкерлерін кәсіподақтардағы белсенді және ұзақ мерзімді жұмысы, кәсіподақ жетістіктері, кәсіподақ жобаларын жүзеге асырғаны үшін марапаттау және ынталандыру – марапат иесінің еңбегін бағалаудың маңызды актісі. Марапаттау ісін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – марапаттардың қатаң иерархиясын құру, сонымен қатар кәсіподақтардың наградалары туралы құжатты қатаң сақтау және соның нәтижесінде наградалардың мәртебесін және әр марапаттың Кәсіподақтар федерациясындағы маңызын арттыру. ҚРКФ жаңа марапаттау жүйесінің басты қағидасы – шешім қабылдаудағы алқалылық», – деп атап өтті ол.

Алғаш рет Кәсіподақтар федерациясы «Кәсіподақ мүшесі» ҚРКФ кәсіподақ белгісін, «Кәсіподақ белсендісі» және «Кәсіподақ көшбасшысы» ҚРКФ төсбелгілерін, еңбек саласында сыйлықақы және басқа да марапаттарды бекітті.

Кәсіподақ марапаттары қатарында құрметті орынға ҚРКФ-ның «Еңбек Адамы» медалі және ҚРКФ «Даңқ Кітабы» ие.

Бұл наградалар ерекше мәртебеге ие және марапат иесінің кәсіподақтар қозғалысының дамуына қосқан ерекше үлесін көрсетеді.

Отырыс соңында Кәсіподақтар федерациясының жаңа сайтының тұсаукесері өтті. Сайттың тұсаукесері барысында Нұрлан Өтешев жаңа сайт құрудың басты мақсаты Кәсіподақтар федерациясының басты ақпараттық алаңын жаңарту қажеттілігі екенін атап өтті. Ол сайттың домені «frprk.kz»-тен «kasipodaq.kz» болып өзгергенін мәлімдеді, бұл ұлттық бірегейлік рухына сай келеді. Жаңа интернет алаңы  кең аудиторияға бағытталған және егжей-тегжейлі зерттеумен ерекшеленеді, ең бастысы кез-келген қолданушыға қол жетімді.

Бас кеңес мүшелері көпшілік дауыспен отырыстың күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қолдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы