Кәсіподақтар үйінде байқаушылар штабтарының өкілдері бас қосты

2020 жылдың 24 желтоқсан күні «Одақтар үйі» ғимаратында өңірдің қоғамдық бірлестіктері және баспасөз өкілдерінің қатысуымен партиялық емес бақылау орталығының брифингі өткізілді.

Аталмыш брифингке «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы байқаушылар штабымен қатар, Батыс Қазақстан облысы «Қазақстанның Азаматтық альянсы» және «Нұр» бірлестігі жанынан ашылған байқаушылар штабының өкілдері келіп қатысты.

Баспасөз отырысында бірлестік төрайымы Айгүл Есекенова 2020 жылдың 4 желтоқсан күні аймақтық штабтың ашылғандығы жөнінде және бүгінгі күні облыстық кәсіподақтар ұйымдарынан 154 байқаушы 100 сайлау учаскілері бойынша сайлаудың әділ өтуін қадағалауға дайын екендігін жеткізді. Бұл орайда, Айгүл Оразқызы Кәсіподақтар федерациясы жанынан құрылған Республикалық штабтың атқарған және атқарылып жатқан жұмыстары туралы айта отырып, облыстық кәсіподақтар жанындағы байқаушылар штабының жұмыс алгоритміне тоқталды.

– Аталмыш штаб үш бағыт бойынша жұмыс жасауда. Олар: байқаушыларды оқыту шаралары бойынша, сайлауға қатысушы партиялармен және өңірдегі басқа да бірлестіктер жанынан құрылған байқаушылар штабымен кездесулер өткізу бағытында. Бүгін штабымыздың жетекшілері сайлау байқаушыларына арналған арнайы оқыту-семинарына қатысып, өздерінің учаскілік топтарына ақпараттық жұмыстар жүргізуде, – деді өз сөзінде бірлестік төрайымы А.Есекенова.