Кәсіподақ мүшелері “Кублей” ЖШС еңбек ұжымының ахуалымен танысты

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының мамандары еліміздегі ең ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Кублей» ЖШС ұжымымен кездесті. 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жылқы, сиыр, қой еттерін консервілеп, өңдеп келе жатқан кәсіпорын – ГТӨ (гендік-түрлендірілген өнімдер) жоқ 100% табиғи шикізат өнімдерін қолданады.

Аталмыш еңбек ұжымымен болған кездесуде Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы төрайымының орынбасары, қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Бауыржан Атауов кәсіпорынның қызметкерлерімен бірге еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді көтеріп, карантиндегі кәсіпорынның хәл-ахуалымен танысты.

– Қазіргі таңда, кәсіпорында 450-ден астам адам еңбек етуде. 450 қызметкер үшін кәсіпорында толық әлеуметтік пакеттер, тұрақты және үнемі өсіп отыратын жалақы деңгейі бар, – деді кәсіпорын басшысы.

Кездесу барысында кәсіподақ мамандары кәсіпорын басшылығына ұжымдық шарттарға қатысты және қажетті квалификациялары бар мамандардың оқытылуы жөнінде сұрақтар қойып, кәсіподақтардың әріптестік позициясын көрсетті.