Асқар Мамин: Пандемия мен дағдарысқа қарамастан жұмыссыздықты 5 пайыз деңгейінде сақтап қалдық

Үкімет басшысы Асқар Мамин жыл басынан бері 4,2 млрд теңге соманың жалақы бойынша берешегі өтеліп, 31 мың жұмыскердің мүддесі қорғалғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда еңбек қатынастарын реттеудің қолданыстағы жүйесі жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің арасында мүдделер балансын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық деңгейде үш жақты комиссиялар жұмыс істейді, оның ішінде 22 – салалық және 200-ден астам өңірлік келісімдер бар. Еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу жөніндегі кешенді жоспардың биыл іске асырылуы – еңбек саласында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорындардағы жанжалдар саны 2 есе қысқарған.

«Жыл басынан бері 4,2 млрд теңге жалақы бойынша берешек өтелді. 31 мың жұмыскердің мүддесі қорғалды. Қол қойылған меморандумдардың шеңберінде 2,3 млн-нан астам жұмыс орны сақталды. Пандемияға байланысты әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан жұмыссыздықты 5 пайыз деңгейінде сақтап қалдық. Өндірістік жарақат алу деңгейін төмендету және еңбек жағдайын жақсарту мақсатында Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2023 жылға дейінгі жол картасы іске асырылуда», – деді Асқар Мамин.

https://www.inform.kz/kz/askar-mamin-pandemiya-men-dagdaryska-karamastan-zhumyssyzdykty-5-payyz-dengeyinde-saktap-kaldyk_a3735232