Біржан Нұрымбетов Еңбек кодексі мен Кәсіподақтар туралы заңға енгізілген елеулі өзгерістерді атады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Еңбек кодексі мен Кәсіподақтар туралы заңға енгізілген елеулі өзгерістерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек қатынастарын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында осы жылы Еңбек кодексіне және Кәсіподақтар туралы заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Оның ішінде еңбек қатынастарына қатысты науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерлерге жеңілдетілген жұмыс уақыты режимін беру, әскери қызмет кезінде жұмыс орнын сақтау, кадрлық іс жүргізуді цифрландыру жөнінде өзгерістер кіріктірілді. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу, бас мердігерге құрылыс нысандарына қосалқы мердігерлік ұйымдардың еңбек қауіпсіздігін сақтау талаптарын үйлестіруді жүктеу, сондай-ақ жұмыс орындардағы кәсіптік тәуекелдерді басқарудың жаңа құралдарын іске асыру жөнінде өзгерістер енгізілді», – деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.

Министр одан бөлек жұмыс берушілерге еңбек дауларын шешу үшін тұрақты келісім комиссияларын құруды міндеттеу жөнінде жаңа заң талаптары енгізілгенін мәлім етті.

https://www.inform.kz/kz/birzhan-nurymbetov-enbek-kodeksi-men-kasipodaktar-turaly-zanga-engizilgen-eleuli-ozgeristerdi-atady_a3735255