«СНПС-Ай-Дан Мұнай» АҚ ұжымындағы әлеуметтік-еңбек ахуалы тұрақталды

Осы жылғы 15 желтоқсанда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «СНПС-Ай Дан Мұнай» АҚ жұмыскерлерінің жалақыны көбейту туралы талаптарына сәйкес компания басшылығымен кездесу өткен болатын. Онда компания басшылығы жалақыны көбейту кәсіпорынның қаржылық жағдайына байланысты  мүмкін болмай отырғандығын алға тартқан еді. Артынша кәсіподақтар кәсіпорынның қаржылық жағдайын жан-жақты саралап, жұмыс берушіге жұмыскерлермен келіссөздер жүргізуді ұсынды.

Келесі кездесу 23 желтоқсанда «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Қалиевтің қатысуымен өтті. Алайда тараптар нақты шешімге келмегендіктен, бұл мәселе қайта қарауға қалдырылды.

Сонымен қатар, компания жұмыскерлерінің әлеуметтік желіде ҚР Президентіне жолдаған бейне-шағымына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Н.Тлешов және құзырлы басқарма басшылары, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов  компания басшылығымен кездесіп, жұмыскерлердің  талаптарын қанағаттандыруды ұсынды.

28 желтоқсанда «СНПС-АйДан Мұнай» АҚ жұмыскерлерінің жалақыны көтеру туралы талап-арыздары бойынша мұнай компаниясының вахталық кеніш басына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқарамасы басшысы Т.Жолымбетов, индустриялық-иновациялық даму басқарамасы басшысының орынбасары Ж.Еламанов, компанияның басшылары, жауапты мамандары арнайы барып түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде компания басшылығы жұмыскерлерге төмендегідей ұйғарымдарын жеткізді. Олар:

1)  Пандемия кезінде вахтада жұмыс жасаған жұмыскерлерге 42500 теңгеден бір реттік материалдық көмек көрсету,

2) Вахталық жұмыстағы 4-ші разрядты операторларды 5-ші  разрядқа көтеру,

3) Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 240 жұмыскердің  жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 пайызға көбейту.

Сонымен қатар, компания басшылығы мұнай өндіру  көлемі  120 мың тоннаға жеткен жағдайда, жалақыны көтеру мәселесін қайта қарастыруды  уәде етті.

Жұмыскерлер компания басшылығының мәлімдеген ұйғарымына ішінара қанағаттанды.

Бүгінгі күні еңбек ұжымында ахуал бірқалыпты.

 

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі