Ел мерейі еңбекпен еншілес

Қазақстан халқы биыл барша адамзатқа ортақ қиындықтарды бастан өткеріп, ел еңсесін түсірмей, әлеуметтік әділдік жолын нығайта отырып, экономикалық даму мен саяси тұрақтылықты сақтай білді.

Әрбір қарапайым адамның кең байтақ елімізде жақсы өмір сүріп, өзінің отбасынан бастап барлық отандастарымыздың амандығын тілеп, Қазақстанның қарқынды дамуын, өркендеуін мақсат тұтатынын жүрек түкпірінде сезіну де алға жетелейтін жақсылықтың белгісі.

Әңгімені әлемді әбігерге түсірген пандемия жағына ойыстырсақ әлбетте, сын сағаттарда әрдайым халықтың жанынан табылған, азаматтық қоғамның бір бөлшегі – Қазақстан кәсіподақтарының қиын да күрделі міндеттерді атқарғаны ойға оралады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы құрамында 2 миллионға жуық мүшесі бар 23 салалық кәсіподақ ұйымы ұзақ жылғы бай тәжірибесі мен еңбек дәстүріне сәйкес бір сәттік пайданы көздеген жоқ, қоғамның орнықты дамуы мен азаматтардың тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істеді. Тосыннан уақыт күн тәртібіне шығарған  сауалдарға ешбір ұйымның дайын жауабы болған жоқ. Бәрі де көзбе-көз шешілетін, кеңседе отырып басқаруға үйренген әдіс-амалды қоя тұрып, қызметкерлердің денінің үйде отырып жұмыс істеуін, ұжымдарға барып қат-қабат араласуын да шектеп, жұмысты үйлестіру дегенді бұрын естігенмен, көрген жоқпыз ғой.

Соған қарамастан қиыннан қиыстырып, еңбектене жүріп әр бастауыш кәсіподақ ұйымы, яғни, 18 мыңға жуық кәсіподақ ұйымы уақыт талап еткен ерекшеліктерді ескере отырып, еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау жолында тиімді іс-шараларды жүзеге асырды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің тарихында келешек қамы үшін әрбір көрегендікпен қабылдаған стратегиялық шешімінің арқасында іргетасын орнатып, берік негізін қалап қойған саясатының жемісін көрдік емес пе?! Әңгіме түбегейлі жаңа нарықтық экономика құрылып, еліміздің әлеуетінің әлденеше есе артқанында ғана емес, кезінде осы Ұлттық қорды құрғанда кейбір саясаткерлер өзгенің есебінен  жақсы көрініп, жарылқаушы атануға әуес жандардың «Ондай қорды қайтеміз, мол қаржыны әр адамға үлестіріп берейік», – деп жалаулатқан сөздерін де естідік. Енді міне, ел басына күн туғанда, жер жүзін бір мезгілде бір қауызға сыйдырған құбылыс  жағдайында сол Ұлттық қордың қаржысы халықты аса алапат, қауіпті індеттің толқынды кезеңдерінен аман-есен шығуға зор жәрдем жасаған жоқ па?!

Бұл тұрғыда биылғы жылы мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордан 1 триллион бөлініп, әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасқанын, осы бағытқа 2023 жылға дейін 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланғандығын баса айтқанымыз жөн.

Рас, мемлекет те адамның ақыл-ойын бірден өзгертіп, мүлдем басқа арнаға бұра алмайды. Елбасының сыртқы және ішкі саясатының қоғам мен халық мүдесіне толық сай, даналықпен жүргізілгенін әлем мемлекеттері де мойындап, біздің қоғам одан әрі дамып, еліміздің беделі биіктей түсті.

Бүгінгі кәсіподақ – азаматтық қоғамның басты белгісі. Жүрек шынайы сөйлеп, үкілі үміт тербеген бойдағы қуатты жылуы мен жалыны сарқылмай жақсылықтарға жетелей беру үшін де уақыт сұранысына қарай нақты іс керек. Пандемия жағдайында кәсіподақ ұйымдары әрбір еңбек адамына, қауіпсіздік шараларын  сақтауға, медициналық қажетті бұйымдар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қолұшын созып қана қоймай, жанын салып жәрдемдесті.

Жақсы адам жасаған жақсылығын жарнамаламайды. Кімнің кім екенін жұрт басына іс түскенде білінеді. Ел-жұрт болып, қиналған адамдарға жанашырлықпен көмек қолын созды. Адамды өкпеге індет құрғыр шабуыл жасағанда медициналық қондырғы оттегімен құтқарса, қиындыққа ұшыраған жандардың ауырлығын белсенді жастар мен кәсіпкерлер, кәсіподақ ұйымдары жұмыла көтеріп, жеңілдетуге күш салды.

Біз тағдыршешті кезеңде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ел азаматтарына қолдан келер барлық қолдау көрсетуге дайын екенімізді мәлімдедік.

Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар 500 млн теңге көлемінде көмек көрсетіп, азаматтарды материалдық тұрғыдан қолдай білді.

Қазақстан Үкіметін және жұмыс берушілерді қауіп-қатерді азайту  және қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру бойынша күш – біріктіруге шақырдық.

Барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығарылуын, жалақы мен әлеуметтік сақтандыру төлемдерін төлеу бойынша берешектің, еңбек жағдайының негізсіз нашарлауының алдын-алу шаралары дер кезінде қабылданды. Көптеген еңбек ұжымдары қашықтықтан жұмыс орындарын құру арқылы ұйымның жұмыс режимін қалыптасқан жағдайға бейімдей алды. Адам өмірі мен денсаулығы үшін жоғары жауапкершілік мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл санитарлық өлшемдер мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларында қоғамдық бақылау жүргізуге қолдау көрсету мүмкіндігін туғызды. Төтенше жағдай немесе карантиндік шаралар кезінде медициналық қызметкерлерге «Азаматтық қорғаныс  туралы» заңға сәйкес «құтқарушылар» мәртебесін беру туралы ұсыныстарымызды да жасадық.

Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу әрбір еңбек ұжымының ұжымдық шартында көрініс табуы да әлеуметтік әділдік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2020 жылы 1 миллион 220 мың адам жұмыспен қамтылды. Жол картасы бойынша 5300 астам жоба жүзеге асырылып, 130 мың жұмыс орны құрылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 225 мың жұмыс орнын құру да жоспарланған болатын.

Біз әлеуметтік әріптестікті дамытуды бұлжымас міндеттеріміз деп санаймыз. Бұл орайда ұжымдық шарт – еңбек қатынастарын ұйымдастырудың маңызды белгісі.  Цицеронның « Әділдіктің екі қайнар көзі бар: ешкімге зиян шектірмеу және қоғамға пайда келтіру» дегеніндей, әлеуметтік әріптестік арқылы оның барлық тарапқа тиімді болуын қарастырамыз.

Мәселенің өзектілігі мен өндірісті табысты етудің қажеттілігін бай тәжірибесі бар, еңбек құндылығын бағалаған және де еңбек адамын құрметтеген әрбір жұмыс берушілер терең түсінуі керек. Негізінен  кәсіподақ ұйымдары бар жерде ұжымдық шарт жасалады, оларда еңбек даулары жиі бола бермейді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы санына шаққанда жасалған ұжымдық шарттардың үлесі 98 процентті құрайды. Ал шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарындағы ұжымдық шартпен қамту төмен деңгейде қалып отыр.

Әлемдегі өзгерістер аясында әр азамат атқарған жұмысына қарай жалақы деңгейін көтеруді, лайықты жұмыс принципін енгізуді талап етуге құқылы. Еңбек нарығында тиімді жұмыспен қамтудың мәні әлеуметтік-саяси жағынан да өте жоғары. Себебі, еңбекпен есею, адал еңбек арқылы отбасы мен қоғамды көркейтіп, бақытқа кенелту – жалпыға ортақ Еңбек қоғамын қалыптастырудың тура жолы.

XXI ғасырдағы жаһандық бәсекелестік жағдайында шешуші фактор ретінде еңбекті алдыңғы кезекке ілгерілету үшін кәсіподақ ең алдымен, жас буынды адал еңбекпен ғана жоғары жетістікке жете алатынына, жеңіл жолмен баюға ұмтылмай, өмір сапасын жақсартудың кілті – еңбекте екендігіне басты көңіл бөледі. Ел халқының үштен бірін құрап отырған жастардың бойына адалдық пен жоғары жауапкершілікті қалыптастыра алғанда ғана олар қоғамның қозғаушы күшіне айналады. Білімді де білікті, еңбектің қадірін түсінетін ұрпақ қана ұлттық болмысымызды айқындап, келешегімізге кепіл бола алады.

Қоғамдағы еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертудің қажеттілігі биылғы қауіпті індет кезінде анық байқалды. Бұған дейін еңбектері елене қоймайтын медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күнделікті тіршілік көзін қамтамасыз ететін жандардың қадірін жете түсіндік. Қоғамның назарын осы мәселеге аудара отырып, кәсіподақтар алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету, әскери дәрігерлерге қосымша төлемдер жасау, ковидтан кейін денсаулықтарын оңалту, жұмыс орындарының сақталуына қатысты ұсыныстарын Үкіметке жолдады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезіне жолдаған құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі.

Сонымен қатар әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандарын үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу қажет» деп атап көрсетті.

Бұл өте орынды айтылған өзекті мәселе кәсіподақтар қызметінің әлеуметтік әділдікті жақтаушы және қорғаушы ретінде нақты іс-әрекеттер бастамашысы болуына тың серпін береді. Шындық жоқ жерде әділдік болмайды, әділеттілік болмаса, қоғам дамымайды.

Қазақстан кәсіподақтары еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында жаңа іргелі ізденістерді қолға алуда. Алдағы 2025 жылдарға арналған Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясы қабылданды.

Кәсіподақ мүшелерінің бірлігі, демократиялық рәсімдерді дамыту, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілету, кәсіподақ ұйымдарының іс-қимылын үйлестіру – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының негізгі даму бағыттары болып табылады.

Мақсат – кәсіподақтар таңдаған лайықты еңбек, лайықты өмір және әлеуметтік әділеттілік үшін күрес жолын жалғастыру.

Ел Президентінің Үкіметтің бүкіл қызметі мен атқарушы билігінің халықтың үнін ести отырып жұмыс істеуіне міндеттеп отырғаны дәл осы адами және әлеуметтік мәселеден туындап жатыр. «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған  адам азамат емес: Ол – халықтың бірінші жауы». Енді ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтың осы ойын таразылап көрсек баршаға ортақ міндеттің жауапкершілігі де оңайға соқпайды.

Әркім өз тағдырына жауапты. Бірақ, қоғам өмірінен ешкім де тыс қала алмайды. Өзің және отбасың, бала-шағаң өмір сүріп отырған ортаның қызығы мен қиындығы бірдей ахуалын сезбей жүруің мүмкін бе? Әрине, ағайын-туыспен араласудың маңызы зор, шынайы қарым-қатынас, бауырмалдық сияқты құндылықтардың алға шығуы тиіс. Шын жанашырлықтың ағайынның татулығы және береке-бірлігі арқылы айқын көрінуі қажет. Біздің қоғамға керегі – осы бірлік. Халықтың сенімі.

Сенім бар жерде қол жеткізетін табыстарымыз да мол болмақ. Кәсіподақтардың алдында әлеуметтік әріптестермен бірге күрделі –экономикалық жағдайдан ең аз шығынмен шығу және әрбір қазақстандықтың ертеңге деген сенімін сақтау міндеті тұр.

Егемен еліміздің жарқын келешегінде еңбек құндылықтары қоғамның қазынасы және ұлттық байлық болып табылады.  Дәл осы пайыммен алып қарасақ, бірлік – қоғамдағы  әділеттілік пен дамуға бастайтын жол. Өйткені Ел мерейі еңбекпен еншілес. Ал кәсіподақ ұйымдары туған еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ете береді.

Сіздерді алдағы келе жатқан  Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің 30 жылдық жарқын парағын ашатын жыл Отанымызға бірлік, халқымызға  игілік, мемлекетімізге  молшылық сыйласын!

 Сатыбалды Дәулеталин,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы