Жаңа жыл қарсаңында кәсіподақ балаларға қайырымдылық жасады

Ақтөбе рельс арқалық зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына тәтті сыйлықтар табыс етті. Қайырымдылық – ең ізгі қасиет.

“Бүгінгі таңда әлемдегі коронавирус індетінің алдын алу шараларына орай биыл барлық жерлерде дәстүрлі мерекелік шырша өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Шырша болмаса да, мерекелік сыйлықты балалардың асыға күтетіні мәлім. Біз сауабы мол игі шараға атсалысуды парыз санадық. Біздің кәсіподақ ұйымы балаларға қуаныш сыйлауға ұмтылады”, – дейді шараны ұйымдастырған жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақниет Алданазаров.

Ақтөбедегі “Аqtobe su-energy group” мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы да қайырымдылық шарадан қалыс қалмады. Олар жаңа жыл қарсаңында балаларға тәтті сыйлықтар үлестірді. Қайырымдылық әрбір бала бойына сенім, жанына жігер ұялататыны сөзсіз.