Кәсіподақ ұйымдарының 2021 жылдағы жұмыс бағыттары нақтыланды

Кәсіподақ ұйымдарының алдағы жылдағы жұмыс бағыттары ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2021-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясын іске асыру іс-шаралары жоспарына сәйкес айқындалды.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде өткен Үйлестіру Кеңесінің отырысында төраға Серік Сермағамбетов кеңес мүшелерін Федерацияның Бас Кеңесінде қабылданған шешімдермен таныстырды. Стратегияны іске асыру жоспары бойынша жұмыскерлерді қолдау орталығын ұйымдастыру, салауатты жұмыс орындарының бағдарламасын әзірлеу, кәсіподақтардың заң клиникасын құру жұмыстары жүргізілетіндігі жеткізілді.

Сонымен қатар, Бас кеңесте 2021 жылды Бастауыш ұйымдар жылы деп жариялау, Федерацияның қаржылық жағдайының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатындағы шаралар қабылдау, марапаттау ережесін жаңғырту туралы шешімдер қабылданғандығы айтылды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Сермағамбетов облыс кәсіподақтарының 2018-2020 жылдарда атқарған жұмыстары туралы есептің Федерациямен қабылданып, оң баға алғандығын жеткізіп, алдағы 2021 жылдағы жұмыстарға жетістіктер тіледі.