ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының Жаңа жылмен құттықтауы

Құрметті  әріптестер, қымбатты достар!

Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін айрықша мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді дана халқымыз.

Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл баршамыз үшін күрделі сынақтарға толы болды. Бүкіл ел болып әлемді жайлаған ауыр індетке қарсы бар күш-жігерімізді біріктірдік. «Қиындық мүмкіндікке бастайды» десек, Сіздердің әрқайсыларыңыздың қажыр-қайраттарыңыз бен ауызбіршіліктеріңіз арқылы ол қиындықтар да артта қалды.

Еріктілер жылы болып аталған бұл жылы шындығында да барлық халық  болып, қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен жыл ретінде де тарихта қалмақ. Қиналғанды жебеп, ауырғанды демеп, қолдарынан келген жақсылығын жасауға ұмтылған жандардың алдыңғы шебінде ҚРКФ  мүшелері де болды.

Биылғы жылы Кәсіподақтар қозғалысына – 115 жыл, ҚР Кәсіподақтар федерациясына – 30 жыл толды. ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезін өткізіп, алдағы 5 жылға арналған межені белгілеп, «Әділеттілік пен дамуға – Бірлікте!» Стратегиясын қабылдадық.

Алдағы 2021 жылдың еншісінде де айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ.

Біз 2021 жылды Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жарияладық. Сондықтан кәсіподақтың алдында Еңбек адамдарының барлық мәселелері шоғырланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жан-жақты қолдау мақсатында үлкен міндеттер тұр.

Келер жылы Тәуелсіз еліміз жаңа 30 жылдықтың жарқын парағын ашады.

Жаңа жылда Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашанда берік, туы биік болсын! Жаңа жыл жақсылықтарға толы болсын!

 

Ізгі тілекпен,

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының

Төрағасы                                                                     Сатыбалды Дәулеталин