Жаңа жылдың алғашқы жемісті келісімі

Жұмыскерлердің жалақыны көбейту және ұжымдық шартта қаралған әлеуметтік көмектердің сақталуы туралы талаптары бойынша келіссөздер жүргізілді. Өткен жылдың желтоқсан айы басында Қызылордада «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорынының жұмыскерлері жұмыс берушінің ұжымдық шарт талаптарында қарастырылған әлеуметтік көмектердің көлемін азайту туралы бастамасымен келіспеушіліктерін білдіріп, жұмыскерлердің жалақысын көтеру туралы талаптарын хабарлаған болатын.

Аталған мәселе бойынша 5 қаңтарда компания басшылығымен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, тиісті мемлекеттік орган басшылары, кәсіподақ белсенделері қатысуымен кездесу өтіп, нақты шешімдер қабылданды.

Жұмыс беруші компанияның қаржылық жағдайын жан-жақты талдап, ұсынған шешімдері бойынша жұмысшылар талаптарының басым бөлігі қанағаттандырылды.

Атап айтқанда, компанияда ұжымдық шартта қаралған барлық әлеуметтік төлемдер толығымен сақталады, жұмысшылардың арнайы киімдерінің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданады, мұнай кенішіндегі жұмысшылардың тамақтану мәзірін қайта қарап, сапасын арттыру үшін қосымша қаржы бөлінеді, 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында жұмысшылар арасында разрядттарды тағайындау үшін аттестация өткізіледі.

Сонымен қатар, компания басшылығы жалақыны көтеру жөніндегі мәселе компанияның алдағы қаржылық жағдайына байланысты қайта қаралатындығын жеткізді.