Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері денсаулықтарын нығайтты

Білім кәсіподағы педагогтардың мүддесі мен құқығын қорғап қана қоймай, мұғалімдердің демалып, денсаулықтарын нығайтуына да жіті көңіл бөледі. Әсіресе, пандемия кезінде иммунитетті көтеріп, санаторийлік ем қабылдау аса маңызды.

Осы бағытта білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қысқы демалыс кезінде білім саласына сіңірген еңбегі мен жетістіктерін ескере отырып, Ақтөбе облысының ұстаздарына шипажайларға жолдама берді.

Байғанин, Ойыл, Ырғыз аудандарының педагогтары «Шипагер» емдеу-сауықтыру орталығында тынықты. Ал Әйтеке би, Қарғалы ауданының ұстаздары «ЮКОН» шипажайында демалды. Мұнда ұстаздар тұзды шахтада ем қабылдады. Дәрігерлердің пайымынша, бұл ем-шара теңіз жағалауында дем алғанмен пара-пар. Тұзды шахта зат алмасу процесін қалпына келтіріп, демікпе, бронхит, пневмония, аллергиялық ауруларды емдеуде және алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ, шипажайда мұғалімдер емдік душ, массаж қабылдап, толық медициналық тексерістен өтті.