Бастауыш ұйым мүшесі еңбегімен көпке үлгі

Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Ұлағатты ұстаздардың бірі – Дәлеуова Зәуреш Асауқызы.

Зәуреш Асауқызы еңбек жолын Әйтеке би ауданы, Ақкөл ауылындағы Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде бастап, міне қазір осы білім ордасында 32 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді.

Ол – жоғары санатты педагог-зерттеуші, мектеп тренері. «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған облыстық педагогикалық олимпиадасының І орын иегері, «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның айғағы» тақырыбындағы облыстық тарих және география пәнінің мұғалімдеріне арналған пәндік олимпиадасының ІІІ дәрежелі жүлдегері, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған тарих пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиаданың ІІІ дәрежелі жүлдегері, Daryn.online платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиадалардың Қазақстан тарихы пәні бойынша ІІ дәрежелі жүлдегері.

«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау»,- деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Зәуреш Асауқызы – уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасайтын аяулы ұстаз. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтпаған, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұлағатты ұстаз. Жаңа заманның адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып, жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқу-әдістемелік құралдар мен дидактикалық материалдар жазды.

Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі – терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Осы екі қасиетті өн бойына дарыта білген және өз өмірін осы салаға арнаған Дәлеуова Зәуреш Асауқызы балаға деген шексіз махаббаттың иесі, өз еңбегінің жемісін көре алған ұстаз дегім келеді.

А.К.Айтмағанбетова,
Әйтеке би ауданы, Абай атындағы ЖОББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары