Ұжымдық шарт – ұжымдағы тұрақтылықтың кепілі

Қазіргі уақытта Павлодар облысы білім беру ұйымдарында 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарттар жасасу жөніндегі Ұжымдық шарт науқаны өтуде. Науқанның негізгі мақсаты қолданыстағы ұжымдық шарттардың ережелерін қайта қарау және оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру, сондай-ақ жаңаларын жасасу болып табылады.

Ұжымдық шарттарға қол қоюдың қазіргі науқаны күшіне енген “Педагог мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер, басқа да нормативтік – құқықтық актілер шарттарында өтуде. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін адамдардың оның барлық ерекшеліктерін білуіне кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының қоғамдық көшбасшылары жағдай жасауы керек.

Бұл маңызды шараның алдында Г.Ә. Науразбаева басқарып отырған Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымымен орасан зор жұмыс жүргізілген болатын. Облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Г.О. Жаркенова ұжымдық шарттардың жобасын әзірлеп, сондай-ақ бейнесабақ ұсынып, келіссөздер мен ұжымдық шарттарды жасасу бойынша әдістемелік ұсынымдар берді.

2021 жылғы 13 қаңтарда “Павлодар педагогикалық университеті” Коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұжымының жалпы жиналысында жұмыс беруші атынан оның өкілі – басқарма төрағасы – ректор, профессор Жанбол Октябрович Жылбаев және ЖОО қызметкерлері атынан олардың өкілі –бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, қосымша білім беру институтының директоры Жаева Роза Райханқызының арасында ұжымдық шарт жасалды.

Ұжымдық шарт қызметкерлер мен жұмыс берушінің ЖОО қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіптік мүдделерін қорғау және қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, кәсіптік кепілдіктерді, жеңілдіктер мен артықшылықтарды, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау шараларын белгілеу жөніндегі, сондай-ақ еңбек заңнамасымен, еңбек құқығы нормаларын қамтитын өзге де нормативтік құқықтық актілермен, бас, салалық, өңірлік келісімдермен салыстырғанда неғұрлым қолайлы еңбек жағдайларын жасау жөніндегі өзара міндеттемелерін айқындау мақсатында жасалды.

Ұжымдық шарт Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексін, Білім туралы Заңды, Кәсіподақтар туралы Заңды, “Педагог мәртебесі туралы” Заңды ескере отырып әзірленді. Жаңа ұжымдық шартта ЖОО қызметкерлерінің барлық кепілдіктері мен құқықтары сақталып, кейбір бағыттар бойынша жақсартылды.

Сонымен, ұжымдық шартқа сәйкес келесі кепілдіктер мен өтемақылар қарастырылған: қызметкердің бала тууына байланысты материалдық көмек көрсету – 10 АЕК; қызметкердің қайтыс болуына байланысты – 50 АЕК отбасы мүшелерінің біреуіне немесе ол болмаған жағдайда жерлеуді ұйымдастыруды өзіне алған адамға біржолғы төлеммен; қызметкердің зайыбы/балалары, ата – аналары – 40 АЕК; некеге тұруына байланысты – 10 АЕК; қызметкердің емделуіне/операциясына байланысты-30 АЕК; еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге жыл сайынғы қосымша ақы төленетін; қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы толық көлемде берілген кезде лауазымдық жалақысы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы және басқа да кепілдіктер мен өтемақылар төлеу.

Университет ұжымы қабылданған келісім барлық әлеуметтік-құқықтық мәселелерді басшылықпен бірге шешуге және еңбек ұжымын әлеуметтік-экономикалық кепілдіктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімді.