ҚРКФ Төрағасы кәсіпорындардағы еңбек дауларының күнделікті мониторингін күшейтуді тапсырды

3 ақпан, сәрсенбі күні ҚР Кәсіподақтар федерациясында Қазақстан кәсіпорындарында еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері бойынша жедел кеңес өтті. ҚРКФ басшысы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен өткен кеңеске бейнеконференция байланысы арқылы республиканың өңірлік кәсіподақ орталықтарының және бірқатар салалық кәсіподақтарының басшылары қатысты.

“Еліміздің батысында орын алған жағдайды ескере отырып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жалақы мәселелеріне және өңірлердің кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек дауларының туындау тәуекелдеріне байланысты ахуалға күнделікті мониторингті күшейтуді тапсырамын”, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіподақ  орталықтары мен салалық кәсіподақтар басшыларының жергілікті әлеуметтік әріптестермен бірлескен қызметінің маңыздылығын атап өтті.

“Осыған байланысты әкімдіктермен және жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек даулары мен әлеуметтік шиеленістер қаупі болуы мүмкін кәсіпорындарды анықтау қажет. Кәсіподақ комитеттерінің басты құралы – әлеуметтік әріптестермен келіссөздер процестері болып қала береді», – деді ҚРКФ басшысы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалды талдау ел облыстарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия отырыстарының күн тәртібінің негізі болуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының соңында Ақтөбе облысындағы “КМК Мұнай” және “АМК Мұнай” компанияларының жұмыскерлері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шыққан болатын. Ереуілшілермен болған жағдайды реттеуге облыс әкімдігінің, еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың өкілдері, облыс кәсіподақ орталығының және Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағының басшылығы қатысты. Әлеуметтік әріптестермен келіссөздер барысында мұнайшылар мен жұмыс берушілер ымыраға келді, Көкжиде және Бәшенкөл кен орындарындағы жұмыс қайта жанданды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы