«Shymkent Bus Басқарушы компаниясы» ЖСШ-дегі еңбек дауы шешілді

2021 жылғы 3 ақпанда «Shymkent Bus Басқарушы компаниясы» ЖСШ-нің автобус жүргізушілері мен кондукторлары ереуілге шығып, жалақыларын көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен болатын.

Ереуілшілерге Шымкент қаласының әкімі бастаған құзырлы орган өкілдері барып, жағдайды тұрақтандыруға тырысты. Олардың арасында «ЫНТЫМАҚ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Әлтеев те болды.

Компанияда жалпы 600-ге жуық жүргізуші жұмыс жасайды, оның 544 кәсіподақ мүшесі. Компанияның бастауыш кәсіподақ ұйымы «ЫНТЫМАҚ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалына қарайды.

2020 жылдың қараша айына дейін автобус жүргізушілеріне төленетін еңбек ақы жұмыс сағатымен есептеліп, оның әр сағаты  үшін 860 теңге болып  белгіленген. Бұл  орта есеппен 135 000 теңге.

Ал 2020 жылдың қараша айынан бастап еңбек ақы сағатына 1000 теңге деп белгіленіп, ол орта есеппен 155 000 теңгені құрады. Салыстырмалы түрде алып қарағанда,  бұл жолы орташа айлық  20 000  теңгеге көбейді.

«ЫНТЫМАҚ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, ереуілге шыққан автобус жүргізушілері жалақыны 300  мың теңгеге дейін көтеруді  талап еткен. Оның сөзінше жұмыскерлер наразылығына 2 ақпан күні маршруттағы автобус рейстерінің жұмыстарындағы қаржы табу жағдайына бақылау жасау кезінде жүргізушілерде және кондукторларда қосымша артық ақша қалатындықтары, яғни карточкадан бөлек қалған ақшаны өткізбегендері анықталып, содан туған келіспеушілік себеп болған.

Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде сағат 12.00-ден бастап жүргізушілердің барлығы жұмыстарына кірісіп, қоғамдық қатынас ретке келді.

Артынша осы күні кешкі сағат 22.00-де алдын-ала жасалған келісімге сәйкес жүргізушілермен қайта кездесу өткізілді. Оған кездесуге 60-қа жуық жүргізушілер,  «Shymkent Bus Басқарушы компаниясы» ЖСШ-нің басшылары, Шымкент қаласының әкімі, Үш жақты комиссияның төрасы – қала әкімінің орынбасары, кәсіподақ тарапынан Аумақтық кәсіподақ бірлестігі төрағасының орынбасары және «ЫНТЫМАҚ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, қалалық маслихаттың депутаттары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері  қатысты. Онда автобус жүргізушілерінің талаптары, пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.

Компания жиында айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, автобус жүргізушілеріне төленетін еңбек ақыны әр сағатына 1110 теңге деп белгілеп, ол орта есеппен  200 000  теңгені құрайтын  болды.  Яғни салыстырмалы түрде олардың орташа айлықтары шамамен 45 000  теңгеге көбейеді  деп жоспарлануда.

Кездесуде айлық жалақы  жүргізушінің жұмыс істеген сағаттарына тікелей байланысты екені, сондай-ақ әр сағатына төленетін еңбек ақы мөлшері 110 теңгеге артып, 1110 теңге болып белгіленгені ескертілді.

Жүргізушілер осы  ұсыныстарымен келісті. Қазір еңбек ұжымында ахуал тұрақты. Бұл  мәселе осындағы Аумақтық кәсіподақ бірлестігінің,   «ЫНТЫМАҚ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының, Үш жақты комиссияның, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бақылауында.