Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа жұмысына қатысты.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің орталық аппараты мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі және орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов өз сөзінде министрліктің есепті кезеңдегі қызметінің нәтижелері туралы айтты.
Оның айтуынша, 2020 жылы 4,4 мың жұмыс берушіні тексеру нәтижелері бойынша, оның ішінде жалақы қарызына байланысты 7 мыңнан астам заң бұзушылық жойылды.
Сонымен қатар, министр кәсіпорындарда өндірістік жарақаттың өсуіне алаңдаушылық білдірді.
Ведомствоның мәліметтері бойынша 2020 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан жарақат алғандар саны өткен жылға қарағанда көбейген, яғни 2019 жылы 1430 болса, 2020 жылы 1503 жұмысшы жарақат алған.
Министр атап өткендей, әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірге әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайтуға, соның ішінде кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын-алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
«Еңбек дауларының алдын-алу және шешу бойынша Кешенді жоспар мен Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет», – деді Серік Шапкенов.
ЕХӘҚБ басшысы әлеуметтік әріптестік тараптары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық қауымдастықтары арасындағы жаңа Бас келісімді келісу процесін аяқтауда деп қосты.
Сонымен қатар, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестіктің бірқатар басым бағыттарын атап өтті.
Ол ең алдымен еңбекақы, еңбекақы бойынша қарыз, еңбек қауіпсіздігі, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты проблемалық мәселелерге тоқталды.
«Осының бәрінің артында адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты, олардың бүгіні мен ертеңіне деген сенімдері тұр. Жұмысшылар айлап жалақыларын ала алмай, ал кәсіпорын иелері оңды пайда тапқан кезде нарықты өркениетті деп санауға болмайды. Еңбекақы бойынша қарызды өтеу жағдайының жақсарғанына қарамастан, елде жалақыны белгіленген мерзімде төлемеу проблемасы өзекті болып қала береді. Бұл проблема қазір шағын бизнес саласында ерекше өткір тұр.
Министрліктің мәліметінше, 2 мың қызметкерге әлі 931 миллион теңге қарыз бар. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы жалақыны кешіктіргені және төлемегені үшін жазаны күшейту мәселесін заңнамалық тұрғыдан шешу қажет деп санайды», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Кәсіподақтар федерациясы жүргізген мониторинг осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 22 еңбек дауы тіркелгенін көрсетті, еңбек дауларының себептері көбіне жұмыс берушілердің әріптестік қатынастарға қызығушылығының болмауы және жұмысшылардың экономикалық қорғансыздығы болып табылады.
«Осы мүмкіндікті пайдала отырып, жұмысшыларға жүгінгім келеді, арандатушылыққа бой алдырмаңыз және кәсіподақтар арқылы әділетсіздікке қарсы күресіңіз. Бұл – өзіңізді қорғаудың ең сенімді әдісі. Және бұл әдіс шынымен де жұмыс істейді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске сала кетейік, еңбек дауларының себептері мен еңбек ұжымдары көтерген проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы жылдың 23 ақпанында еңбек дауларының алдын алу және шешу жөніндегі кеңесте мәлімдеді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауына ие болды және олар бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік шиеленісу себептерінің қатарында елдегі жалақының төмен деңгейін атады.
Оның пікірінше, бұл жағдай халықаралық стандарттарға қайшы келеді.
«Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша ең төменгі жалақы (ЕТЖ) күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамамен 150% құрауы керек. Сондықтан ел дамуының қазіргі кезеңінде экономикалық саясатта күрделі өзгерістер қажет. Олар, ең алдымен, жұмысшылар табысының мөлшеріне қатысты болуы керек – оны көбейту керек. Бұл тұтынушылық сұранысты арттырады, ал бұл өз кезегінде инвестициялық белсенділіктің артуына әкелуі мүмкін. Ең төменгі жалақыны біртіндеп орташа жалақының 50%-ынан төмен емес деңгейге дейін көтеру қажет», – деп есептейді ҚРКФ басшысы.
Сонымен бірге, ол қоғамның ең бай топтарына қосымша салық салуды, сондай-ақ салықтық ынталандырудың қосымша шараларын енгізу қажеттігін атап өтті.
ҚРКФ төрағасы атап өткендей, бюджеттік салада жалақының жүйелі түрде өсуіне қарамастан, аралас салаларда жұмыс істейтін мамандардың салалық тиістілігін белгілеу бойынша бірқатар сұрақтар туындайды. Мәселен, білім беру және мәдениет мекемелеріндегі медицина қызметкерлері және денсаулық сақтау ұйымдарындағы мұғалімдер. Ол сонымен қатар білікті мамандар мен техникалық қызметкерлердің табыстарының айырмашылығы туралы мәселені шешудің маңыздылығын атап өтті.
«Бюджеттік саладағы жалақы жүйесін қайта қарауға, оның ішінде базалық лауазымдық жалақыны ең төменгі жалақыға ауыстыруға назар аудару, нормативтік құқықтық база мен есептеу әдістеріне тексеру өткізу қажет деп санаймыз», – деп ұсынды Сатыбалды Дәулеталин.
Еңбек күн тәртібіндегі тағы бір өзекті мәселе – қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазіргі кезде әрбір 23 мың жұмысшыға 1 еңбек инспекторы келеді.
«Адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаларды талдауымыз көрсеткендей, өлімге әкеп соққан жазатайым оқиғалар орын алған 192 кәсіпорыннан 163 кәсіпорында жұмыс беруші кінәлі деп танылды. 134 кәсіпорында кәсіподақ ұйымдары жоқ. Тиісінше, қоғамдық бақылау болмады, өндірістік кеңестер құрылмады», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы. Ол мемлекеттік еңбек инспекторларының санын көбейтуді және еңбек инспекциясын Еңбек министрлігіне беруді ұсынды. Сонымен қатар, «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспектор» форматындағы тексерістердің бірлесіп жүргізілуін заңнамалық тұрғыдан бекіту және техникалық инспекторларға қосымша өкілеттіктер беру туралы бастама айтылды.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің одан әрі нығаюын әлеуметтік әріптестік тараптары қабылдаған міндеттемелерді тиімді жүзеге асырудан көреді.
«Жұмысшылармен сансыз берік желілермен байланысты кәсіподақтар жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуына және Қазақстандағы қуатты экономикаға – көптеген жұмыс орындары мен жақсы жалақылардың болуына мүдделі», – деді ҚРКФ басшысы.
Отырыс қорытындысы бойынша алқаға төрағалық етіп отырған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 2020 жыл күрделі болғанын атап өтті. Әлемді шарпыған пандемия экономиканың барлық салаларына әсер етті. Мемлекет басшысы төтенше жағдай мен карантин жағдайында халықты әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Бүгін бұл тапсырмалар уақытында және толық көлемде орындалды. Мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. 883 мың бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 25% -дан 50% -ға дейін көтерілді. Жұмыспен қамту шараларына 1,4 миллион адам тартылды, оның ішінде 730 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Ералы Тоғжанов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасын бекіту қажеттігін атап өтті. Бұл құжатты әзірлеу кезінде халықты жұмыспен қамтудың жаңа тетіктерін пысықтау қажет. Биыл аяқталатын «Еңбек» бағдарламасының орнына ұлттық жоба қабылданады.
«Пандемия және заманауи ақпараттық технологиялар еңбек нарығын айтарлықтай өзгертті. Бүгінгі күні жоғары сұраныс қашықтағы жұмыста, икемді сағаттарда, онлайн-тапсырыстарда байқалады. Осы тенденцияларды ескере отырып, еңбек нарығын жаңа жағдайларға бейімдеу үшін жұмыспен қамтудың жаңа формаларын енгізу қажет. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізе отырып, жоба жасау қажет», – деді Ералы Тоғжанов.
Қазақстанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2021» бойынша жұмыс жалғасады, 27 мың жұмыс орны, оның ішінде 10,2 мың тұрақты жұмыс орны құру жоспарлануда.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы