Ұжымдық шарт пен келісім шарт жасалды

«ҚЫЗМЕТ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының Қаратау аудан әкімі аппаратының қызметкерлерімен және жұмыскерлерімен өткізген кездесуі мен жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде аталған мемлекеттік мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылды.

Жаңадан ашылған аудан әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесінде еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлерді әлеуметтік және зейнеткерлік қамсыздандыру, еңбек демалысына шығу, еңбекке ақы төлеу, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының ұзақтығын айқындау, салауаттылықты, қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыру, денсаулық сақтауды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, ұжым мүшелеріне әлеуметтік игіліктер жасау, ұйым жұмысының тұрақтылығын және тиімділігін қамтамасыз ету, басқа да құқықтық нормативтік актілерінің сақталуына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік мекемеде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акті – ұжымдық шарт қабылданды.

Оған жұмыс беруші тарапынан аудан әкімі Абзал Әліқұлов және жұмыскерлердің атынан кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлсина Бердибекова қол қойды. Ол ұжымдық шарт Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өтті.

Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымын филиал құрамына қабылдау және еңбек қатынастары бойынша көмек көрсету мен жұмыскердің құқын қорғау жұмыстарын бірлесе жүргізу бойынша кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлсина Бердибекова және «ҚЫЗМЕТ» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов өзара келісім-шартқа қол қойды.

Филиал төрағасы аудан әкімін және кәсіподақ төрайымын кәсіподақ қозғалысының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.