«CNEC» серіктестігінде бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Қызылорда облысының мұнай саласында он бес жылдан аса қызмет жасап тұрған «CNEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кәсіподақ ұйымы құрылды.

Бүгін компания жұмыскерлерінің жалпы жиналысы өтті. Жұмыскерлердің жалпы жиналысына аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов, мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының Қызылорда облысы филиалы төрайымы Алтынхан Искакова, жұмыскерлер өкілдері, онлайн режимде вахталық ауысымдағы жүз елуге жуық жұмысшылар қатысты.

«Еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек ахуалы жұмыс берушімен сындарлы диалог құруда, жұмыскерлердің өз құқықтарын қорғап, мүддесін білдіруде кәсіподақ ұйымын құрудың қажеттілігіне, оның тиімділігіне көз жеткізген болуы керек. Біздер облыстық кәсіподақтар тарапынан жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымына ақпаратты-құқықтық қолдау көрсетуге, ұжымдық келісімдер жасасуда көмек жасауға дайынбыз», -деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы.

Жиналыста бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, комитет мүшелері сайланды. Еске сала кетейік, жақында «CNEC» серіктестігі жұмыскерлерінің белсенді тобы компания басшылығына жұмыскерлердің еңбек ахуалына байланысты қойған талаптары туралы және осы мәселе бойынша жүзден аса жұмыскерлердің кәсіподақ ұйымын құруға ниеттерін жеткізіп, облыстық кәсіподақтардан көмек сұраған болатын.
#КәсіподақКз #БҚҰ21
#ПрофсоюзКз #ППО21