Кәсіподақтар федерациясының алаңында елорданың кран операторлары жұмыс берушілермен кездесті

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығы елорданың мұнаралы кран жұмысшыларының бастамашыл тобының еңбек инспекциясы мен құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды.
Кездесу барысында краншылардың жалақыны көтеру, мереке күндері жұмысқа шыққаны үшін үстеме төлемдерді қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек шарттарын жасасу және жұмыс берушінің қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі талаптары талқыланды.


Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығы төрағасының міндетін атқарушы Төлеген Күнәділов өз сөзінде Кәсіподақтар Федерациясының әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша ұстанымын жеткізді.
Бастамашыл топқа еңбек дауларын шешудің заңнамалық нормалары және осы қызметті заңнамалық негізде жүргізу қажеттілігі туралы түсіндірмелер берілді.
Т. Күнәділов құрылыс компанияларында кәсіподақ ұйымының жоқтығына қарамастан, әрбір жеке еңбек дауы аясында жұмыскерлердің құқықтарын сақтауға Кәсіподақтар федерациясы диалог алаңын ұсынып, көмектесуге дайын екендігін білдірді.


Кездесуге қатысушылар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқасында еңбек ұжымдарында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ҚРКФ-ның ұсыныстарымен танысты.
“Жалақы бойынша келіссөздерін қоса алғанда, жұмыскерлердің өндірісті басқаруға қатысу құқығын нақты қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау. Егер мұндай рәсім іске қосылса, онда келіссөздер сатысында еңбек жанжалдарының алдын алуды қамтамасыз етуге болады. Жеке немесе ұжымдық еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты жұмысшыларға қысым жасаудың кез-келген түріне шектеу қою қажет. ҚР Еңбек кодексіне еңбек дауларын шешу рәсімдерін жеңілдету үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Сондай-ақ, еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру қажет. Бұл ретте ең төменгі еңбекақы мөлшерін кезең – кезеңмен ұлғайту, оның ішінде инфляцияны ескере отырып, жұмыс берушінің жалақыны индекстеу жөніндегі міндетін заңнамалық бекіту мәселесін қарастыру қажет”, – деді Т.Күнәділов.Құрылыс компанияларындағы ахуалды объективті бағалау және орын алған проблемаларды шешу жолдарын әзірлеу мақсатында краншылардың бастамашыл тобына әрбір жұмыскерге қатысты еңбек заңнамасының бұзылуы туралы ақпарат беру ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша жұмыс берушілердің өкілдері мен краншылардың бастамашыл тобы әлеуметтік әріптестік аясында келіссөздерді жалғастыруға ниет білдірді.