Әлеуметтік әріптестік іс жүзінде

Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны жұмысшыларының жалақысы 20 пайызға көтеріліп, вахталық кезең 30-дан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарады. Бұл – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС басшылығымен келіссөздерінің нәтижелері. Барлық келісімдер жуырда өткен жиналыстың хаттамасында көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысына сапары аясында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Сагиз Петролеум Компани» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнының басшылығымен және кәсіподақ активімен кездесті.

Кездесуде еңбек ұжымында тұрақты әлеуметтік климатты сақтаудың ең өзекті мәселелері талқыланды.

Бұған дейін, осы жылдың ақпан айында компания қызметкерлері жалақыны көтеру және ауысым ұзақтығын 30-дан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарту туралы талаптарын алға тартқан болатын.

Кәсіподақтардың белсенді қатысуымен келісім комиссиясының жұмысы нәтижесінде жұмыс беруші ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін қызметкерлердің жалақысын 20%-ға көтеруге және ауысым ұзақтығын қысқартуға кепілдік берді.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін толық көлемде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті және жұмыс беруші тарапқа келісімді жиналыс хаттамасы аясында бекітуге кеңес берді.

«Бұл кездесу жұмысшылардың құқықтары бұзылмайтындығына және талаптардың ақылға қонымды деңгейде орындалатындығына кепілгер болуы тиіс», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ басшысы компания басшылығын ұжымдық шарт аясында қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударуға шақырды. Бұл жерде мәселе жалақыны арттыру, лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары туралы болды.

«Еңбек адамы – Кәсіподақтар федерациясының басты құндылығы. Біздің басты басымдықтарымыз – лайықты еңбек жағдайлары мен жалақы, әлеуметтік тұрақтылық пен тиімді әлеуметтік әріптестік», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Жұмыс берушінің өкілдері Кәсіподақтар федерациясының төрағасын келіссөздер барысында қол жеткізілген барлық шарттардың орындалатынына сендірді және жиналыс хаттамасында өз міндеттемелерін бекітті.

«Сагиз Петролеум Компани» ЖШС бас директорының орынбасары Цю Гуанюаньның айтуынша, жұмысшылардың талаптары ескерілді, хаттама орындау үшін қабылданды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы