ҚРКФ «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздары жастар саясаты туралы жаңа заңды әзірлеуге қатысуға және Еңбек министрлігінде жұмыс істеуге шақырылды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында «30 Еңбек Елшісі» республикалық кәсіподақ жобасы жеңімпаздарының Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметінің өкілдерімен кездесуі өтті.

ҚРКФ «Келешек» Жастар кеңесі ұйымдастырған іс-шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ өкілі Асылжан Бүркіталин қатысты.

Кездесуге қатысушыларды құттықтай отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздарын құттықтап, жастарға арналған жаңа кәсіподақ жобасы қоғамдағы кәсіподақтардың заманауи сипатын насихаттауға арналғанын атап өтті.

«30 Еңбек Елшісі» жобасын Кәсіподақтар федерациясы алғаш рет өткізіп жатыр, бірақ ол жыл сайынғы болады. Біздің жас «еңбек елшілері» кәсіподақ жастарының көрнекті өкілдері болып табылады және жоба олар үшін әлеуметтік лифт болмақ. Олардың міндеті – еңбек құндылықтарын, Кәсіподақтар федерациясының қамқорлығымен жастар ортасындағы кәсіподақ мүшелігінің тартымдылығын насихаттау, еңбек саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру бағдарламасында түрлі семинарлар, тренингтер мен 2021 жыл бойына өткізілетін іс-шараларды жүзеге асыру бар.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бұған дейін Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығына басшылық еткен  Екатерина Смышляева жас кәсіподақ көшбасшыларына тілек ретінде «еңбек елшілерінің» басты міндеттерінің бірі жұмысшы жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары болып табылатындығын еске салды.

«Еңбек ұжымы – бұл студенттік өмірден мүлдем басқа орта, бұл ересек өмір. Жас мамандарға алғашқы күндерден-ақ кәсіподақ қолдауы қажет. «Еңбек елшілері», жас кәсіподақ көшбасшылары ересек өмірге келу миссиясын өз мойнына ала алады. Жобаның міндеті – сіздердің еңбек ұжымдарыңызда жастарға пайдалы істердің жетекшісі болу», – деп өз пікірін білдірді депутат.

Өз кезегінде, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Кәсіподақтар федерациясына әлеуметтік маңызды «30 Еңбек Елшісі» жобасын ұйымдастырғанына өз алғысын білдірді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен өте тығыз жұмыс істейді. Бірлескен жұмыстың арқасында жақында Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасында 2023 жылға дейін Бас келісімге қол қойылды. Бас келісімде халықты жұмыспен қамту, лайықты жалақы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелері қамтылған. Кәсіподақтар федерациясы бұл құжатты әзірлеуге тікелей қатысты. Бүгін мен Федерацияға жастарға қолдау көрсететін «30 Еңбек Елшісі» өзекті жобасын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Айтпақшы, біздің министрлікте бос жұмыс орындары бар, біз сіздерді бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамыз», – деді Ербол Нұрғалиев және сонымен қатар жас кәсіподақ белсенділерін еңбек саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын түсіндіру үшін ақпараттық жұмысты күшейтуге шақырды.

Кәсіподақ жастарын құттықтай отырып, АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов жастарды мемлекет тарапынан қолдаудың маңызды қадамдарын атап өтті.

«Мемлекет жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырады: «Жас маман», «Жас кәсіпкер», «Дипломмен ауылға» және басқалар. Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды, жас қазақстандықтар өкілдік органдарға қатысуға мүмкіндік алды, алғаш рет жастар үшін 30% квота анықталды. 2025 жылға дейінгі мемлекеттік жастар бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар, ел басшылығының шешімі бойынша барлық мемлекеттік бағдарламалар да жастар мәселесі қамтылған», – деп Шахмардан Байманов атап өтті және «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздарын жастар саясаты туралы жаңа заң жобасын әзірлеуге қатысуға шақырды.

«Біз Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты туралы заң жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құрдық. Біздің «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздарына ұсынысымыз бар – сіздерді жұмыс тобына қатысуға және өз кандидатураларыңызды ұсынуға шақырамыз», – деді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

«Келешек» Жастар кеңесінің төрағасы Дария Хамитжанова кәсіподақ жастары атынан шақыру үшін алғысын білдіріп, жұмыс тобына үміткерлер жақын арада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсынылатынына сендірді.

Сонымен қатар, кездесу барысында жас кәсіподақ белсенділері елдегі жастар саясатын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар жасады.

«Жастар жастар саясатының объектісі ғана емес, сонымен бірге жастардың әлеуметтік бастамаларының субъектісі болғысы келеді», – деді «YNTYMAQ» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Павлодар облыстық филиалының төрайымы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева.

Батыс Қазақстан облысынан «Келешек» Жастар кеңесінің мүшесі Ақерке Шайқы жастар статистикасын қалыптастыру мәселелерін қайта қарауды ұсынды.

«Уақыт пен болмыс тез өзгеруде. Статистиканы қалыптастырудың белгілі бір критерийлерін қайта қарау қажет деп санаймын. Жұмыс істейтін жастардың көші-қоны туралы статистикалық мәліметтер жүргізу қажеттілігі туындады», – деді Ақерке Шайқы.

Жас ұрпақты кәсіптік бағдарлау және тәрбиелеу мәселелері кәсіподақтың жас мүшелерін де толғандырады. Павлодар қаласындағы №43 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айнұр Әбілдинованың айтуынша, қазақ мектеп түлектері басқа елдерге жоғары білім алу үшін кетіп бара жатыр. Ол мұның себептерінің бірі ретінде қазақстандық университеттер мен кәсіпорындар туралы ақпараттың жеткіліксіздігін атады. Тақырыпты «Богатырь Көмір» ЖШС бас технологы Қымбат Құрманғалиева жалғастырып, отандық жоғары оқу орындарына қарағанда шетелде білім алу қазақстандық студенттер үшін арзан екенін атап өтті.

Кәсіптік бағдар беру сұрақтарына жауап бере отырып, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева «Жұмыс орнына бару» жобасы бойынша мектеп түлектерін еңбек ұжымдарымен таныстыру бойынша Қостанай облысы Кәсіподақтар орталығының тәжірибесін атап өтті. Депутаттың айтуынша, бұл тәжірибені барлық жерде тарату керек.

Кездесу соңында жас кәсіподақ көшбасшылары Парламент пен министрліктердің өкілдеріне сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, олар әлеуметтік-еңбек саласындағы жастар саясатын жетілдіру бастамаларын белсенді түрде насихаттау жұмыстарын жүргізетіндеріне сендірді.

Ертең «30 Еңбек Елшісі» республикалық кәсіподақтар жобасының жеңімпаздары ҚРКФ аппараты мен салалық кәсіподақтар ұйымдастырған оқыту семинарларына қатысады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы