Ақтөбеде Ұлы Отан соғысының 76 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық» шарасына кәсіподақ қолдау жасауда

Ақтөбеде дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетуде.

Жуырда Ембі қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо бөлімінің оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері Қазтай Тыныштықовпен кездесу өткізді. Қазтай Тыныштықов 1924 жылы 25 наурызда Мұғалжар ауданында туған. Құмжарған, Жұрын ауылдарында веттехник қызметін атқарған. Бүгінде Қазтай атамыз 5 баладан өрбiген 10-нан астам немере, 3 шөбере арасында бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Ардагер көпшілікті Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен құттықтап, жас спортшыларға ақ батасын берді.

Шара соныңда БЖСМ басшысы Ермек Елубаев ардагердi ардақтап шапан жауып, сыйлық табыстады. Осындай тәрбиелік мәні терең тағылымды шара Ырғыз ауданында да жалғасын тапты.

Ырғызда бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен зейнеткер, тыл ардагері Мұстафа Сейтманбетпен кездесу өткізілді. Кездесулер қазіргі кезеңде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, карантин талаптарына сай өтті. 1930 жылы дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа тұс келіп, ертерек еңбекке араласқан тыл еңбеккері естелігімен бөлісті. Атай 7 баласынан 13 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, көлік жүргізіп, механик болған.

«Біздер кәсіподақ тарапынан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «30 жыл – 30 игі іс» акциясы аясында осындай ауқымды істерді көптеп қолға алып отырмыз. Біздің бақытты ғұмыр кешуіміз үшін ел шетіне жау тигенде жанын пида етіп, ерлік танытып, батылдық пен қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсеткен соғыс ардагерлері мен жастайынан еңбек етіп, жеңісті жақындатуға маңдай терімен үлес қосқан тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймыз. Олардың өнегелі істерін жастарға үлгі етеміз», – деді Ақтөбе дене шынықтыру және спорт басқармасы кәсіподағының төрайымы Роза Шумекеева.