«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев бейнеконференция форматында «Қазхром ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты »кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.
«Қазхром ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты жанындағы кәсіподақ ұйымы 1967 жылы ұйымдастырылған және бүгінде оның құрамына зауыт жұмысшыларының 100 пайызы яғни 6410 адам кіреді.
Павлодар облысы АКБ төрайымы Динара Айтжанов кездесуге қатысушыларды таныстыра отырып, ҚРКФ басшылығының жергілікті жерлердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесуі туралы бастамасының маңыздылығын атап өтті.
«Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында федерация басшылығының «Қазхром ТҰК»АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесуі өте маңызды. Мұнда кәсіподақ жұмысының мол тәжірибесі жинақталды, әлеуметтік әріптестік деңгейі жоғары. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы 1996 жылдан бастап зауыттың бастауыш кәсіподақ ұйымын басқарған, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының барлық съездеріне делегат болып барған Николай Сухотерин », – деді Динара Айтжанова.
Николай Сухотерин өз сөзінде зауыттың кәсіподақ комитетінің лайықты еңбек жағдайларын жасау, техникалық инспекторлардың қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қоғамдық бақылауы, ұжымдық шарттың орындалуын бақылау жөніндегі жұмыс, ардагерлер мен жастардың бастамаларын қолдау, келісім комиссиясының құрамына кіру және өндірістік кеңес, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету бағыттары бойынша қалай жұмыс жасап отырғаны туралы әңгімелеп берді.
Оның сөзінше, қолданыстағы ұжымдық шарт шеңберінде зауытқа кірген жетім балаларға 20 АЕК көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді; 1 қыркүйекке орай төрт және одан да көп балалары бар зауыт қызметкерлеріне бір оқушы үшін 10 АЕК мөлшерінде материалдық көмек; 1 қыркүйек қарсаңында сонымен қатар, жұмыс орнында қайтыс болған жұмысшылардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі; 18 жасқа дейінгі мүгедек балалары бар жұмыскерлерге ай сайын 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдер беріледі.
Өндірістік кеңестегі кәсіподақтардың жұмыс тәжірибесі туралы еңбекті қорғау маманы Линар Рахадилов баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорында қауіпсіз жағдайлар мен еңбекті қорғауға қоғамдық бақылауды 93 техникалық инспектор жүзеге асырады. Олардың қызметі өндірістік жарақаттардың динамикасына оң әсер етуге мүмкіндік беруде.
Кездесу барысында еңбек ұжымы тарапынан кен-металлургия өнеркәсібінде жұмыс істейтіндер үшін зейнеткерлікке шығу жасын жалпы белгіленген жастан төмендету, атап айтқанда, ерекше зиянды және ерекше қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін металлургтер 50 жасқа жеткенде зейнеткерлікке шығу үшін №1 тізімге оралу, зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін металлургтер 55 жасқа жеткенде зейнеткерлікке шығу үшін №2 тізімге оралу мүмкіндігі көтерілді.
Бұл сұраққа жауап берген ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев тау-кен металлургия өнеркәсібінде жұмыс істейтіндердің зейнетке шығу жасын қайта қарау мәселесі өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«26-шы съезде қабылданған Стратегияда біз кәсіподақтар федерациясы Үкімет алдында тау-кен металлургия өнеркәсібі жұмыскерлерінің зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін көтеретіндігін атап өттік. Сіздер білесіздер, біздің кәсіподақтарымыздан алғаш рет үш кәсіподақ көшбасшылары мәжіліс депутаттары болып сайланды, олардың депутаттық сауалдары арқылы біз бұл мәселені күн тәртібіне қоямыз. Мен елдің ішкі резервтері бар деп санаймын. Кәсіподақтар федерациясы зейнеткерлік жасты төмендету мәселесін қолдайды, сондықтан біз Үкіметтің назарын металлургтер мен кеншілерге аударып жатырмыз », – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.
Ол сонымен қатар, Кәсіподақтар Федерациясы әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты еңбек заңнамасына және басқа заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу үшін бірнеше жұмыс топтарын құрғанын жеткізді .
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева мұндай кездесулердің өзектілігін атап өтіп, кәсіподақтар федерациясымен еңбек саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша бірлескен жұмыс туралы айтты.
«Еңбек кодексіне жұмыс тобы енгізген түзетулердің шамамен 90 пайызы қызметкердің жағында. Біз сондай-ақ жергілікті жерлерден түскен ұсыныстарды қарастырып жатырмыз және өзгерістер мен толықтыруларды нақты сектордағы кәсіпорындардың қызметкерлерімен бірлесіп талқылауға дайынбыз. Металлургиялық өндірісте еңбек жағдайлары басқаша, мұнда жұмысшылар ерекше зиянды және ерекше қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейді. Сондықтан, осы санаттағы жұмысшылардың зейнетке шығу жасын қысқарту мәселесі өзекті. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені көтеруді тоқтатпайды. Бүгін біз зейнетақы аннуитетін қайтаруды, шегін төмендетуді талап етудеміз », – деді Екатерина Смышляева.
«Қазхром ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары Игорь Кулешов әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақпен өзара іс-қимыл, оның еңбек ұжымы өміріндегі рөлі туралы айтты.
«Кәсіподақ комитеті жұмысшылардың қорғаны, нәтижесінде ол жұмысшылардың жүз пайыздық сеніміне ие және еңбек ұжымының барлығы дерлік бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі. Жұмыс беруші ұжым үшін барлық маңызды шешімдерді кәсіподақпен әріптестікте қабылдайды », – деп атап өтті Игорь Кулешов.
Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Раушан Даумова нақты бір кәсіпорын шеңберінде әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Кездесуді қорытындылай келе, Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев әлеуметтік және еңбек тұрақтылығын сақтау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісімде қойылған міндеттерді орындау үшін кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен белсенді жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, ол Еңбек адамының мүдделерін ілгерілетуде белсенді қолдау көрсеткені үшін Парламент Мәжілісінің депутатына, металлургиялық өндіріс жұмысшыларының мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін салалық кәсіподақтың басшылығы мен Ақсу ферроқорытпа зауытының кәсіподақ белсенділеріне ризашылығын білдірді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы