Еңбеккер бейнесінде – тәжірибелі маман Қарлығаш Аязбаева

Қарлығаш Аязбаева – Әйтеке би ауданы, Темірбек Жүргенов атындағы орта мектептің жоғары категориялы физика пәнінің мұғалімі. 1983 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетінің физика бөлімін бітірген. Еңбек өтілі – 37 жыл.

Қарлығаш Қарабалақызы – өте білімді, білікті маман. Қазіргі таңдағы мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушыларға берілетін сапалы білім мен саналы тәрбие екені әркімге аян. Сондықтан да үнемі жаңашылдық әдіс-тәсілдермен оқыту – Қарлығаш Қарабалақызына тән қасиет. Мұғалім оқушылардың алған теориялық білімдерін кластан-класқа көшкен сайын кеңейте түсіп, жоғары сыныптарда бағдарлама материалына сәйкес қайтадан жүйелеп, бекітіп отырады.

Қарлығаш Қарабалақызы мектептегі кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде өзіне белгіленіп берілген тапсырмаларды қалтқысыз орындап, үнемі алғысқа ие болады. Соның дәлелі ретінде 2019, 2020 жылдары аудандық және облыстық кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен марапатталып, қаржылай қолдауына ие болды. Аудандық кәсіподақ активі жұмысына белсене атсалысады. Оның нәтижелі жұмысы кәсіподақ ұйымының уақыт легінен қалмай, алдыңғы қатарда болуына ықпал етеді. Жастардың кәсіби біліктіліктерінің артуына тікелей ықпал етеді. Жас отбасыларының, жастардың демалысын өткізу, білімін жалғастыру істерінде де аянып қалмайды. Мектепте көптеген мұғалімдердің емдеу-сауықтыру орындарына тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен демалуларына ықпал етіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, Қарлығаш Қарабалақызы – ізденушілікпен, шығармашылықпен қызмет атқаратын шебер ұйымдастырушы, ұлтжанды ұлағатты ұстаз, тәлімді тәрбиеші.

Білім беру жүйесіндегі еңбегінде Қарлығаш Қарабалақызы көптеген марапаттауларға ие болды. 2018 жылы аудан әкімінің алғыс хатымен, Ақтөбе облыстық білім басқармасының құрмет грамотасымен марапатталды.