Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен – Имашев Дәурен

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы «Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен» акциясы жүзеге асуда. Аталған акция бойынша Тәуелсіз Қазақстанның химия өндірісіне өзіндік үлесін қосып жүрген Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жас маманы Имашев Дәурен Ерлікұлымен таныстырамыз.

Ол 1991 жылдың 7-наурызында Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясының түлегі. Мектеп қабырғасында жүріп белсенділік танытып, қалалық, республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған.

Дәурен Имашев М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Көлік, көлік техникасы және технологиясы» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

2016 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытының Теміржол-көлік секторына жүк қабылдап-тапсырушы болып қабылданған. Ортаға бір жыл салып зауыттың орталық диспетчерлік пунктіне диспетчер болып ауыстырылған. Қазіргі таңда өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында сары фосфор өндірісінің Өндірістік-технологиялық бөлімінде жылжымалы көлік жағынан жетекші инженер міндетін атқарады. Кәсіподақ мүшесі.

Заман талабына сай, озық технологиялармен жұмыс жасау мақсатында өндірістің барлық торабы автоматтандырылып, модернизацияланып жатыр. Жас маман қысқа уақыт ішінде 40 жылдық тарихы бар алып зауыттың инфрақұрылымының ақпараттық технологияларын жаңғырту жолында жүріп жатқан жұмыстарға белсене қатысып, аянбай еңбек етуде. 2019 жылы жанармай шығынын және жылжымалы техниканың жұмыс істеу барысын бақылау мақсатында «Көлік мониторингі» жобасы іске асып, пайдаланылуға берілді. Дәурен Ерлікұлы аталған жобаның жұмыс тобының құрамына кірді. Бұл жоба күрделі бағдарлама болғанымен, жұмыс нәтижесі әлдеқайда тиімді. Өйткені, техниканың жүріс-тұрысының барлығы GPS құрылғысы көмегімен, арнайы бағдарлама арқылы компьютер мен смартфондарға орнатылған, осы салаға қатысы бар барлық адам онлайн түрінде бақылай алады.

– «Бірнеше рет шет елдерде жұмыс жасауға ұсыныс түсіп, көптеген мүмкіншіліктер болды. Ойлана келе өзіміздің туған жерімізде, елімізде көптеген проблемалардың бар екеніне көзім жетіп, сол бойынша жұмыс жасауды жөн көрдім.

Адам баласы болғаннан кейін бәріміздің аңсайтынымыз көбірек пайда табу, мансап, атақ-даңқ және т.б.. Субъективті ойым, әрбір жұмыстың нәтижесі бар, яғни ақша, атақ-даңқтың мөлшері қаншалықты эффективті түрде жұмыс жасағанымызға байланысты. Айтқым келіп отырғаны, дәл осы шет елдерде алатын табысты, лауазымды өзіміздің елімізде алуға болады деп есептеймін, мейлі ол табыс шет елдікінен сәл азырақ болуы мүмкін. Өзіміздің елде шешілмеген өзекті мәселелер өте көп. Сол себепті табыс көзін өзіміздің өңіріміздің өзекті мәселелерін шешу, жаппай модернизацияларды енгізу барысында табуға болатынына толық сенімдімін. Сонымен қатар ол еліміздің дамуына үлес қосады деген ойдамын» – дейді жас маман Дәурен Имашев.

Дәурен Имашев жас та болса алғыр, өз елінің патриоты, білімді де білікті азамат екенін көрсетіп жүр. Осындай жастарымыз бар болғаны қуантарлық жағдай. Ақын, педагог Мағжан Жұмабаев айтқандай, мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артады, соларға сенеді. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін, жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Өз ісіне жауапкершілікпен қараған адамның, жетер жетістігі де өте көп болмақ.

Айта кететін жағдай, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 2300 аса кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ төрағасы – Шахтыбай Жобалайбекұлы Байғанов.