«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Маңғыстау политехникалық колледжінің кәсіподақ мүшелерімен кездесті

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бейнеконференция арқылы Халел Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

 

 

Нұрлан Өтешев атап өткендей, ҚРКФ басшылығы жыл басынан бері республиканың барлық аймақтарынан бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен жиырмадан астам осындай кездесулер өткізді, бұл салаларда туындаған мәселелерге жедел жауап беруге және оң тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік берді.

Маңғыстау облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Шадырак Ермекбайұлы облыста «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауы өтіп жатқанын және политехникалық колледждің бастауышы осы байқаудың қатысушысы екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Маңғыстау облысы кәсіподақ ұйымының төрайымы Тарбия Байымбетова білім беру саласында бастауыш кәсіподақ ұйымдары санының өсіп жатқаны туралы айтып, «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысқан және мұғалімдерге еңбекақы төлеу мәселелерін шешуге көмектескен Салалық кәсіподақ пен Кәсіподақ федерациясына алғысын білдірді.

Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының филиалы WorldSkills бағдарламасына белсенді қатысу арқылы мұғалімдерді ғана емес, колледж студенттерін қолдайды. Қол қойылған ұжымдық шарттың арқасында оқытушылар құрамының жалақысы мен студенттердің шәкіртақысын көтеруге мүмкіндік туды», – деді Тарбия Байымбетова.

Маңғыстау политехникалық колледжінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Зарипа Шолтанова 2019 оқу жылында колледж мамандандырылған және институционалдық аккредитациядан сәтті өткенін атап өтті. 2019 жылы Халықаралық стандарттардың талаптары мен мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес орта білім беру мамандарын дамыту және даярлау тұрғысынан сапа менеджменті жүйесіне сәйкестік сертификатын алды. Колледж әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында 49 мекемемен келісімшартқа отырды. Қазіргі уақытта колледж 14 сұранысқа ие мамандықтар мен 25 біліктілік бойынша орта буын мамандарын дайындайды.

Оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы өздерінің біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отырады. Жыл сайын педагогикалық құрамның 50 пайызға жуығы облыстық және республикалық деңгейдегі білім беру жобаларына қатысады. Биылғы жылы колледж Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында «Kasipkor Holding» рейтингінде алғашқы бестікке енді. Колледжде 1580 студент оқиды. Оның айтуынша, сыныптар мен студенттерге арналған жатақханада колледж студенттерінің оқуы мен өмірі үшін барлық жағдайлар жасалып, прогрессивті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

«Халықаралық GIZ жобасы шеңберінде KNAUF стиліндегі дуальды оқыту жүйесін дамыту үшін колледж базасында үйлер мен ғимараттар салу және пайдалану бойынша бірқатар мамандықтарды оқытуға KNAUF компаниясымен үш жылдық келісімшарт жасалды. Германия тарапы колледжде студенттерге қысқа мерзімді ақысыз курстар ұйымдастырды», – деді Зарипа Шолтанова.

Қазіргі уақытта колледжде 177 қызметкер жұмыс істейді, олардың барлығы бастауыш кәсіподақ мүшелері. Сонымен қатар, колледжде студенттер кәсіподағы құрылған. Оның мүшелерінің саны 1400-ден астам. Білім беру мекемесінің директоры атап өткендей, колледжде оқытушылар мен студенттердің де мүдделері ескерілген әлеуметтік қолдауға бағытталған ұжымдық келісімшарт бар.

Колледждің бастауыш ұйымымен кездесуге қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Кәсіподақтар Федерациясына осындай кездесулер ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, бұрынғы кәсіподақ көшбасшылары қазіргі депутаттардың қатысуымен әзірленіп жатқан әлеуметтік-еңбек саласына қатысты заң жобалары туралы айтып берді.

«Мысалы, қашықтықтан жұмыс жасауды ұйымдастыруға қатысты Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында біз ең алдымен Еңбек Адамының мүдделері мен қарапайым жұмысшылардан түскен ұсыныстарды ескеруге тырыстық. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдады. Кәсіподақтардың, атап айтқанда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Еңбек Адамдарының мүдделері мен құқықтарын қорғаудағы рөлі өте жоғары екенін баса айтқым келеді. Кәсіподақтар – бұл әлеуметтік өрлеу, өсу нүктесі. Біздің кәсіподақтар федерациясымен қарым-қатынасымыз өте жақсы, біз алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істей береміз», – деп атап өтті депутат.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева тақырыпты жалғастырды және мұғалімдердің негізгі ресми жалақысының яғни базалық лауазымдық жалақысының өсуі туралы сұраққа жауап бере отырып, ол Кәсіподақтар Федерациясымен бірге жалақыны көтеру туралы ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтты.

«Министрліктің кез-келген қарапайым қызметкері кәсіподақтар нені талап ететінін біледі. Қазіргі уақытта жалақыны көтерудің бірнеше нұсқалары қарастырылуда. Жүз мыңдаған қызметкерлерге жалақы базалық лауазымдық жалақысы негізінде төленеді. Болашақта біз БЛЖ-дан бас тартамыз. Қазір бұл мәселелер талқылануда, есептеулер жүргізілуде», – деді Смышляева.

Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов Кәсіподақтар федерациясының әр түрлі сала қызметкерлерімен кездесулер өткізу туралы бастамасының маңыздылығын атап өтті және депутаттар жергілікті жерлерден келіп түскен барлық ұсыныстарды қарастырып, заңнамалық деңгейде ілгерілетуге дайын екендіктеріне сендірді.

Ал «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева колледж жұмысшылары мен студенттерін оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жұмыстарына алғыс айтты. Ол саладағы кәсіподақтардың лайықты еңбек жағдайларын жасауға және мұғалімдердің кәсіби мүдделерін қорғауға өлшеусіз үлес қосып жатқанын атап өтті.

«Өткен оқу жылында саланың кәсіподақтары 1600-ден астам тексерулер жүргізіп, білім беру жүйесінде әлеуметтік-еңбек саласындағы 1700-ден астам заң бұзушылықтарды анықтады. Біз заңсыз жұмыстан шығарылған 63 мұғалімді жұмыс орындарында қалпына келтірдік», – деді Айгүл Мұқашева. Ол жұмыс үшін қолайлы жағдай жасау әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы сындарлы қарым-қатынасты құруға байланысты екенін баса айтты және Маңғыстау политехникалық колледжіндегі әлеуметтік әріптестік қарым-қатынасты оң мысал ретінде келтірді.

Білім беру жүйесінде қосалқы қызметтердегі жұмысшылардың жалақысын арттыру туралы сұраққа тоқталған Айгүл Мұқашева бұл мәселенің Салалық кәсіподақтың және жалпы Кәсіподақтар федерациясының күн тәртібінде тұрғандығын баса айтты.

«Біз жұмыс тобына қатысу арқылы білім беру жүйесінде медицина қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын көтеру мәселесін ілгерілете алдық. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы санаттағы жұмыскерлер үшін жоғарылатылады. Басқа көмекші қызметтерге келетін болсақ, бұл қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселесі де Кәсіподақтар федерациясының бақылауында», – деп атап өтті Мұқашева.

Кездесуді қорытындылаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Маңғыстау политехникалық колледжінің ұжымы арқылы оқытушылар қауымына атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, оқу үдерісін жақсартуда сәттілік тіледі және Кәсіподақтар федерациясының негізгі құндылықтарын еске салды.

«Кәсіподақтар Федерациясы 26-шы съезінің делегаттары стратегиямызда атап өткендей, біздің ортақ құндылықтарымыз – Бірлік, Әділеттілік және Даму. Осы үштікті ұстана отырып, біз әділетті еңбек жағдайлары үшін Еңбек Адамының мүдделерін бірлесіп қорғауды жалғастырамыз, бұл Қазақстанның әрбір жұмыскерінің дамуына негіз болады», – деді Нұрлан Өтешев.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы