«Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен» акциясының кейіпкері – Гүлназ Сальменова

Дана халқымыз «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұстаздар жанұясынан шыққан Гүлназ Сальменова 1991 жылы 12-наурызда Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Бестоғай ауылында дүниеге келді. Әкесі Қайрат Каппасов Бестоғай орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, анасы Гүлнар Каппасова Бестоғай орта мектебінің директоры болып қызмет етеді. Ағасы Әлдебек қазір басқа салада жұмыс істегенмен, информатика пәнінің мұғалімі мамындығын оқыған, сіңлісі Шынар –  Нұр-Сұлтан қаласы №77 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.

Гүлназ 2006 жылы Бестоғай орта мектебін тәмамадаған соң Нұр-Сұлтан қаласы Гуманитарлық колледжінің «Бастауыш білім беру» факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын жақсы көрсеткіштермен аяқтап, 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласының №26 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Ұстаздық қызметін атқара жүріп, 2010-2013 жылдары аралығында Көкшетау қаласы Абай Мырзахметов атындағы университетті сырттай тәмамдайды.

Отбасы жағдайына байланысты 2013-2016 жылдар аралығында Ерейментау ауданы, Еркіншілік орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 2016 жылдан бастап өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған елордадағы №26 мектеп-гимназиясында «педагог-сарапшы» біліктілік санатымен еңбек етіп келеді.

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаға қалам ұстаудан бастап, әріп үйретіп, оқушының бойында жақсы қаисеттердің қалыптасуына ерекше тер төгетін – бастауыш сынып мұғалімі. Бүлдіршіндерге білім нәрін сеуіп, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын Гүлназ Сальменова мейірімділік, төзімділік, әдептілік, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойына сіңірген.

Бәсекеге қабілетті білім сапасын арттыруда сабақты ұтымды ұйымдастыруға көңіл бөлетін, үнемі ізденіс үстінде жүретін Г.Сәлменованың қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ол «Үздік мұғалім-2016» аудандық байқауында ІІ орын, 2019 жылы «Үздік авторлық жоба» қалалық байқауында ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, 2020 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын білім беру ұйымдары арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Білім беру саласының құрметті педагогы» атты республикалық байқауында 1-орынды иеленіп, білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталғанын, бүгінгі күнде бұл жетістігін мақтан тұтатындығын атап өтті.

Ұстазына қарап шәкірт өседі. Гүлназдың оқушылары да республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанып келеді.

Гүлназдың айтуынша, ол 2010 жылдан бері кәсіподақ ұйымының мүшесі. «Осы аралықта бірнеше рет кәсіподақ ұйымының қолдауымен жазғы демалыс уақытында, денсаулықты жақсарту мақсатында, бірнеше шипажайларға жолдама алған болатынмын. Атаулы мерекелерде кәсіподақ ұйымының тарапынан міндетті түрде құттықтаулар жолданып, сыйлықтары табысталып жатады. Кәсіподақтың әлеуметтік қолдауын әрдайым сезінеміз»,- дейді.

Тәуелсіздіктің құрдасы Гүлназ Сәлменова екі баланың анасы, аяулы жар, мейірімді ұстаз атанып отыр. Әңгіме барысында Гүлназ «биылғы жылы «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында баспаналы болғалы отырмыз. Елімізде жастарға көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алуда. Міне, біз де мемлекетіміздің қолдауымен, асқақ армандардың біріне қол жеткізудеміз» деп өз қуанышымен бөлісті.