Кәсіподақтардың «АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ басшылығымен болған келіссөздері жалақыны көтерумен аяқталды

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Жақтау», «Қорғау» мүшелік ұйымдары мен еліміздегі ең ірі тау-кен металлургиялық компания арасында алты аптаға созылған келіссөздер процесі «Арселормиттал Теміртау» АҚ жұмыскерлерінің жалақысын көбейту туралы шешіммен аяқталды.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Наир Биджу атап өткендей, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелердің барлық қызметкерлерінің жалақысы осы жылдың 1 шілдесінен бастап өседі. Өсім жартылай 20000 теңге көлемінде  қосымша бекітілген тұрақты сипаттағы ай сайынғы төлем түрінде және жартылай жұмыскерлер жалақысының 6 пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.

Компания басшылығының пікірінше, еңбекақы деңгейінің өсімі  бәсекеге қабілетті және компанияның барлық қызметкерлерінің жалақысын едәуір арттырады.

Кәсіподақтар мен кәсіпорын әкімшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылдың шілдесінің басында компанияның барлық жұмысшыларына бір реттік 150 000 теңге төлеу түрінде қосымша әлеуметтік қолдау туралы келісімге келді.

Жұмыскерлердің өкілдері яғни металлургтер және көмір өндірушілер кәсіподақтарының көшбасшылары Виктор Щетинин мен Евгений Буслаев қол жеткізілген келісімдерге оң баға берді. Кәсіподақ басшыларының пікірінше, қабылданған шешімдер әлеуметтік әріптестік шеңберінде келіссөздер үстелінде ымыраға келудің жақсы мысалы болып табылады.

Виктор Щетинин «Еңбек Адамдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мәселелерін келіссөздер үстелінде шешу тиімдірек. Бірлескен пікірталастар бір-бірін жақсырақ түсінуге және өндіріс процесіне, лайықты еңбек жағдайы мен лайықты жалақыны қалыптастыруға оң әсер ететін бірлескен шешімдер қабылдауға септігін тигізеді» дей келе, жұмыс берушілер тарапына ризашылығын білдірді.

Ал Евгений Буслаев «біз жұмыскерлердің мүдделеріне де, жұмыс берушілердің  мүдделеріне де сәйкес келетін ең ұтымды нұсқаны қабылдадық. Менің ойымша, еңбек ұжымы, адам капитал кез-келген компанияның ең басты байлығы екенін бәрі түсінеді », – деп атап өтті.

Кәсіподақтар мен АМТ әкімшілігі арасындағы бірыңғай ұжымдық келісімшартта жұмыскерлер  жалақысын жыл сайын индекстеу қарастырылған. Тек осы жылдың өзінде ол 7,5 пайызды құрады.

Естеріңізге сала кетейік, кеншілердің  жалақысы 30 пайызға, металлургтердікі 18 пайызға 2017 жылы көтерілді, ал 2019 жылы компанияның барлық санаттағы  қызметкерлері үшін өсім 10,75 пайызды құрады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы