Қостанай облысының Наурызым ауданында жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Бастауыш кәсіподақ ұйымын құру мәселесі бойынша Қостанай облысы Наурызым ауданының «Шолақсай-1» және «Шолақсай-2» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесу өтті.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қостанай облысы бойынша филиалының төрайымы Зәуре Жұмабекова салалық кәсіподақ қызметі, кәсіподақ белсенділері үшін өткізілетін іс-шаралар, еңбек келісімшарттарын жасасудың маңыздылығы, келісім комиссиясының жұмысы, ұжымдық шарттың негізгі ережелері бойынша ақпаратпен таныстырды.

Өз кезегінде еңбек ұжымы кәсіпорында қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жағдайларын жақсартуға ықпал ететін алқалы орган құру қажеттігін атап өтті.

Бірауыздан қабылданған шешім негізінде құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымы «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Қостанай облысы бойынша филиалының құрылымына енді. Жиналыста кәсіподақ комитетінің төрағасы болып Валентина Крикун сайланды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы жылды бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялады. Кәсіподақ азаматтық қоғамның өкілі ретінде Еңбек адамының өзекті мәселелерін көтереді, оларды шешуге қатысады.