«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бейнеконференция арқылы «Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ  еңбек ұжымымен кездесті.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы 2021 жылы 22 ақпанда іске қосылды. Жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына және елдегі  күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚРКФ  басшылығы жергілікті жерлердегі кәсіподақ ұйымдарын бейнеконференция арқылы онлайн режимінде аралауда.

«Мұндағы мақсат  – бастауыш ұйымдармен тікелей байланыста болу, қатардағы кәсіподақ мүшелерінен проблемалар туралы ақпарат алу,  бастауыш кәсіподақ ұйымдарын Кәсіподақтар Федерациясы басқарушы және атқарушы органдарының  кәсіподақтың қарапайым мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау бойынша мүшелік ұйымдардың жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа жобалары,  қабылдаған шешімдері,  атқарылып жатқан жұмыстары туралы хабардар ету»,-деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, бүгінге дейін Кәсіподақтар Федерациясы басшылығының қатысуымен әр түрлі саладағы 53 бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен онлайн-кездесулер өткізілді. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері 290 онлайн-кездесулер өткізді. Осылайша акция аясындағы кездесулердің жалпы саны 343-ге жетіп отыр.

Барлық кездесулерде тікелей немесе жанама түрде өмір сапасын жақсартуға байланысты мәселелер көтерілді.

«Көтерілген 228 мәселенің 48-і аймақтық деңгейде шешілді, 8 республика, 170-і бақылауға алынды»,-деді Нұрлан Өтешев.

Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымы 2010 жылы  ұйымдастырылған.  Мекеме қазір  1,5-тен 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған және жүйке-психиатриялық патологиясы бар 143 балаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуде. Балалар мұнда 10 сағат болып, арнайы әлеуметтік қызмет түрлерін алады. Ем-домды курспен емес, тұрақты түрде алудың арқасында олардың  негізгі қимыл-қозғалысы дамиды, басын ұстау, домалау, еңбектеу, отыру, тұру және жүру қабілеттері қалыптасады. Қарым-қатынас дағдылары, өзіне-өзі қызмет ету дағдылары дамиды, Мекемеде көптеген балалар қасық ұстауды, өз бетімен киіну мен тамақ ішуді,  балалармен және ересектермен сөйлесуді үйренуде. Осының арқасында ата-аналардың жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Орталық жұмысы бұдан әрі «Мекеме тәрбиеленушісі Ділназдың бір күні» атты бейнесюжет арқылы көрсетілді.

2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша коммуналдық мемлекеттік мекемеде 127 қызметкер жұмыс істейді, олардың барлығы кәсіподаққа  мүше.  Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары  Мария Ертман. Оның айтуынша,  мекеме қызметкерлеріне ұжымдық келісімшартқа сәйкес әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, сондай-ақ бала тууына байланысты материалдық көмек көрсетіледі, қызметкерлер зейнеткерлік жасқа толуына байланысты, сонымен қатар мерейтойларына байланысты ынталандырылып отырады. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мекеме басшылығымен бірлесіп, ұжым мүшелеріне тұрақты түрде спорттық-мәдени іс-шаралар өткізеді.

Ұйым «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік  одағы» ҚБ-не қарайды. Еңбек ұжымы үшін  өзекті болып отырған еңбекақы мәселен аталған қоғамдық бірлестіктің облыстағы филиалы төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Тлеубаев көтерді. Ол ҚРКФ басшылығын еңбекақыны барлық санаттағы жұмыскерлер үшін бірдей деңгейде көтеруге көмектесуді сұрады.

Өз кезегінде  «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік  одағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов салада өзекті мәселелердің көптігін алға тартты .

«Біз әлеуметтік әділетті мемлекет құрып жатырмыз дегенімізбен, әлеуметтік қызметкерлердің жағдайы көңіл көншітерлік жағдайда емес. Олардың ауыр еңбегін ескере отырып,  үш апта бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне  еңбекақыны көтеруді сұрап хат жаздық. 2019 жылы әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысын  көтеру мәселесін  шештік. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебі бұл салада білім саласы мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де жұмыс істейді.  Әлеуметтік мекемелерде жалақы аз, ал  санатқа кірмей қалған  қызметкерлердікі тіптен төмен. Үкіметтің және кейбір министрліктердің жұмысы қарын аштырады. Біздің міндет ҚР Парламент Мәжілісіндегі «кәсіподақтық фракциямен»  бірігіп,  үкіметке өз ұсыныстарымызды жеткізу. Бірлік –  біздің басты ұранымыз. Бірлігіміздің арқасында бұл қиындықты да бірлесіп еңсереміз»,-деді Мирболат Жақыпов.

«Ерекше қажеттілігі бар балаларға жан-тәнімен ата-ана қамқорлығын көрсетіп отырған сіздерге айтарымыз тек алғыс қана» деп түйді өз сөзін салалық кәсіподақ төрағасы.

Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева жетінші шақырылым депутаттарының  бірінші сессияда Еңбек Адамына, оның ішінде әлеуметтік сала  қызметкерлеріне қатысты мақұлданған заң жобалары мен қабылданған заңдар туралы қысқаша баяндап берді. Әлеуметтік қызметкерлер мәртебесі мәселесіне тоқталған депутат, бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.

«Қай жағынан алып қарасақ та, бұл өте ауыр жұмыс. Бұны түсіну бар, енді қолдау мәселесі де шешілуге тиісті»,-деді Екатерина Смышляева.

Осы тұста «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік  одағы» ҚБ төрағасы «Тек әлеуметтік қызметкерлер ғана емес, жалпы бюджет саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет. ТМД елдерімен салыстырған бюджет саласында ең төменгі жалақы  Қазақстанда. Сондықтан, базалық лауазымды жалақыны алып тастау керек.  Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы да осы», деді   Мирболат Жақыпов.

Мұны ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына осы өңірден сайланған Зарина Камасова да мақұлады.

«Әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі және БЛЖ бойынша айтылған ой-пікірлердің бәрімен келісемін. Бәрі орынды. Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде бұл мәселелерді  ілгерілетуге мен де ықпал ететін боламын»,-деді депутат.

Кездесуді қорытындылаған ҚР  Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бүгінгі кездесуді жоғары бағалады.

«Кәсіподақтар ұйымының бейнесюжеті көп нәресеге қанықтырды. Бұл жерде әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы ауыр екені айтылды, мен оны қуаттаймын. Сіздер ерекше қажеттілігі бар балалар үшін өмір сапасын жақсартудасыздар. Жалпы ШҚО әлеуметтік қызмет бойынша өте мықты тәжірибесі бар өңір. Бүгін көтерілген мәселелер бұрыннан белгілі. Салалық кәсіподақ бұлармен күнделікті түрде жұмыс жасауда. Мирболат Жақыпов  тәжірибесі мол кәсіподақ көшбасшысы. Біз осындай кездесулерге халық қалаулыларын қатыстыруға тырысамыз. Бүгін Зарина Камасованың қатысқанына қуаныштымын.  ҚР Парламент Мәжілісіне кәсіподақтардан барған депутаттар  бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешуге өз үлестерін қосады деген сенімдемін», деді   Нұрлан Өтешев.

Бұдан соң ол өткен жұма күні Кәсіподақтар федерациясының   ХЕҰ бірлесіп өткізген дөңгелек үстелге тоқталды.

«Дөңгелек үстелде талқыланған , «Қазақстан Республикасындағы еңбекақы төлеу жүйесі: сын-қатерлер және жетілдіру перспективалары» тақырыбы   бүгін көтеріліп отырған мәселемен үндес. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша біз бірқатар ұсыныстарды жинадық, оны Үкіметке ұсынатын боламыз. Жалпы осы бағытағы ҚРКФ ұстанымдары бәріңізге белгілі. Ол БЛЖ-ны алып тастау, ең төменгі жалақы мөлшерін  орташа жалақының жартысына жеткізу. Бұдан бөлек, ҚРКФ кеше кәсіподақ ұйымдарына, жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация мәселесі бойынша үндеу жолдады. Қалыпты өмірге қайта оралу үшін барлықтарыңызды вакцинациядан өтуге шақырамын», деді   ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, Нұрлан Өтешев «Ем ал! Демал! Білім ал!»  атты жаңа кәсіподақ жобасы туралы әңгімелеп берді. Сөзінің соңында ҚРКФ төрағасының орынбасары бастауыш кәсіподақ ұйымына  жүйелі жұмысы үшін,  жұмыс берушіге тиімді әлеуметтік әріптестік үшін ризашылығын білдірді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы