Маңғыстау облысындағы «ИБК СИБУ» ЖШС кәсіпорнындағы келісу комиссиясы өз жұмысын тәмамдады. Жұмысшылардың негізгі талаптары қанағаттандырылды. Бұл туралы ҚРКФ медиа орталығына облыстың кәсіподақтар орталығының басшысы Шадрах Ермекбайұлы хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басынан бері бұрғылау компаниясының жұмысшылары жұмыс берушіге мереке күндері кезінде жұмыс үшін 70 АЕК-ке жалақы мен үстемеақыларды көбейту, жұмыс тоқтап қалған жағдайда жалақының 50%-ын есептеу, сонымен қатар кәсіпорынның штаттық санын оңтайландыру жағдайында Қытай азаматтары мен басқа да шетелдік жұмысшыларды бірінші кезекте қысқарту туралы бірқатар талаптарды қойған болатын.
Жергілікті атқарушы органдар мен Кәсіподақтар орталығының бастамасымен жұмыс берушімен бірге кәсіпорында келісу комиссиясы құрылды, оның құрамына жұмыс берушінің өкілдері, кәсіподақ мүшелері, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері кірді.
Келісу комиссиясының жұмысында байқаушы ретінде Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы келіссөздер процесіне белсенді қатысып, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық және консультациялық көмек көрсетті.
Шадрах Ермекбайұлының айтуынша, келіссөздер күрделі болды, келісу комиссиясының отырысы бірнеше күнге созылды.
«Барлық келіссөздер кезеңінде Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы еңбек дауы тараптары арасында консенсусқа қол жеткізу үшін бірқатар маңызды шараларды қабылдады. Біздің басты міндет – жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және олардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Ұзақ келіссөздерден кейін ұжымдық еңбек дауы шешілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында келісу комиссиясының шешімі туралы хаттама қабылданды, онда барлық қабылданған міндеттемелер көрсетілді.
Сонымен, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс беруші қызметкерлердің жалақысын 25%-ға арттыруға уәде берді, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауықтыру үшін төлем 75 АЕК мөлшерінде төленетін болады.
Тараптар штаттық кестеге сәйкес серіктестік қызметкерлері үшін жылдық инфляция деңгейінің 50% мөлшерінде есептелген сомадан жалақы мөлшерін жыл сайын ұлғайту туралы уағдаласты.
Өз кезегінде компания қызметкерлері заңсыз ереуілдерді өткізбеуге уәде берді.
Осылайша, жұмысшылардың ұжымдық талаптары күн тәртібінен алынып, «ИБК СИБУ» ЖШС кәсіпорнындағы еңбек дауы шешілді.
Жалпы, жыл басынан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдардың қатысуымен қазақстандық кәсіпорындарда 50-ден астам еңбек даулары шешілді, олардың көпшілігі еліміздің батыс аймақтарында, олардың 17-сі Маңғыстау облысында болды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы